МҚІА төрағасы толыққанды HR институтын қалыптастырудың негізгі тәсілдерін таныстырды

МҚІА төрағасы толыққанды HR институтын қалыптастырудың негізгі тәсілдерін таныстырды

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев «Мемлекеттік қызметтегі HR: персоналды стратегиялық басқаруға көшу» адами ресурстар форумында толыққанды адами ресурстар институтын қалыптастырудың негізгі тәсілдерін назарға ұсынды.

«Мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттырудың келесі  шарттарының бірі – персоналды стратегиялық басқаруға көшу үшін кадр кызметтерінің кәсібилігін жоғарылату. Ол көптеген дамыған елдерде кеңінен қолданылатын кадрлық қажеттілікті болжау, корпоративтік мәдениетті басқару, таланттарды басқару және т.б. стратегиялық құралдарды қолдануға мүмкіндік береді», – деді МҚІА төрағасы.

Агенттікті толыққанды HR институты етіп қалыптастыру мақсатындағы әзірленген тәсілдер –  HR стратегиясын дайындау және іске асыру, мемлекеттік органдардың қызметіне функционалдық талдау жүргізу,  кадр қызметтерін сертификаттау, олардың функционалы мен жұмыс форматын өзгерту, таланттарды іздеу, мемлекеттік қызметшілердің корпоративтік мәдениеті және т.б. бағыттарын қамтиды.

Бүгінгі күні ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын қоса алғанда Қазақстанда 15 жоғары оқу орны HR саласы бойынша мамандар даярлайды. Соның ішінде бакалавр деңгейінде – 8, магистратура деңгейінде – 10 білім беру бағдарламалары бар.

МҚІА басшысының айтуынша, Агенттікті толыққанды стратегиялық HR институтқа айналдыру мақсатында Академияның жоғары әлеуеті ескеріліп, ол келешекте адами ресурстарды даярлау, олардың біліктілігін арттыру бойынша ғылыми-зерттеу орталығы болмақ.

«Академияда персоналды басқару қызметтерінің өкілдері үшін тиісті оқыту курстары өткізіліп, олар сертификатталатын болады. Жоспарланған курстар болашақта HR-қызметтерін түрлендіріп, жоғары әлеуеті мен сұранысқа ие құзыреттілігі бар таланттар – HR кәсіпқойлар пулын құруға мүмкіндік береді.

Жалпы мемлекеттік қызмет саласындағы өзгерістер адам ресурстарын тиімді пайдалану арқылы кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастырып, қоғамның талаптарын қанағаттандыру мен халықтың  әл-ауқатын арттыруға бағытталған», – деп атап өтті Дархан Жазықбаев.

Атап өту керек, 9 желтоқсанда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясында «Мемлекеттік қызметтегі HR: персоналды стратегиялық басқаруға көшу» HR форумы өтті. Форумға мемлекеттік органдардың өкілдері, HR саласындағы отандық және шетелдік сарапшылар, Түркия, Оңтүстік Корея, БАЭ, Мажарстан, Әзірбайжан және де Орталық Азия елдерінің делегаттары қатысты.

МҚІА мемлекеттік қызметшілердің кәсіби-тұлғалық болмысын жетілдіруге арналған қағидаттар мен ұстанымдар әзірлеуде

Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев Астана қаласында өткен «Мемлекеттік қызметтегі HR: персоналды стратегиялық басқаруға көшу» адами ресурстар форумында мәлімдеді.

Өз сөзінде Агенттік төрағасы Мемлекет басшысының «Мемлекеттік қызметкерлер барынша ашық жұмыс жүргізіп, халыққа шынайы есеп беруі керек. Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл –  туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау» деген байламды пікірін әрбір мемлекеттік қызметші үнемі қаперінде ұстап жүруі қажеттілігіне назар аударды.

«Мемлекеттік міндеттерді қоғам күтетін талап-тілектерге сай жүзеге асыру үшін қажетті негізгі құндылықтар мен басымдылық берілетін қағидаттарды қайта қарау – өзекті.  Мемлекеттік қызметтегі адам ресурсын ілгерілету мемлекеттік қызметшілердің кәсіби-тұлғалық болмысын жетілдірумен де тығыз байланысты», – деді Дархан Жазықбаев.

Осы бағытта, Агенттік мемлекеттік қызметшілерге әдістемелік құрал ретінде әрі күнделікті жұмыс столында жатуы, тіптен әрбір мемлекеттік қызметшінің қалта кітапшасына айналуы тиіс «Адамға бағдарланған» мемлекеттік басқару моделіндегі мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және тұлғалық болмысы жайлы, сананы жаңғыртуға бағытталған құжат ұсыну жоспарлауда. Бұл ретте, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби-тұлғалық болмысын жетілдіруге қатысты қағидаттар мен ұстанымдар жүйеленуде.

Дархан Жазықбаевтың айтуынша, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби-тұлғалық акмесі ретінде  Қоғамға үлгі болу,  Ұлттық мүддені ойлап мемлекетшіл болу,  Әділдіктің – баршаға ортақ игілік болуы, Ашықтық: пікір алуандылығын қолдау – шешім қабылдаудағы ауызбіршілік, Антқа адалдық: пайдадан ар қымбат сынды негізгі қағидаттар белгіленуі жоспарлануда.

«Бұл құжатты біз алдағы уақытта қоғаммен талқылауға салатын боламыз. Мемлекеттік басқаруды жетілдіру жүйелі түрде өзгеруді, қайта құруды қажет етеді. Адамдардың ой-санасын жаңғырту адам ресурстарының сапасына әсер етеді. Ұсынылатын құжат мемлекеттік қызметшілердің саналы, рухани-адамгершілік тұрғыдан өзгеруіне түрткі болуға бағытталған  және олардың мемлекеттік басқару жүйесіндегі қызметін сапалы түрде кәсібилендіруге арналған. Мемлекеттік қызметшілердің жоғары құндылықтарды ұстануы жазадан, сыннан немесе бақылаудан қорыққандығынан емес, өзінің ішкі ерік-жігерімен, ниет қалауымен орындалуы қажет. Ең бастысы – ел алдындағы жауапкершілікті сезіну», – деді МҚІА басшысы.

Агенттік төрағасы мемлекеттік қызметтің негізгі 6 әдептік қағидаты туралы

Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен Астана мемлекеттік қызмет хабының қолдауымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясында «Мемлекеттік қызметтегі HR: персоналды стратегиялық басқаруға көшу» HR форумы өтті.

Шара барысында Дархан Жазықбаев биыл мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі жаңа редакцияда қабылданғандығына тоқталып, заман сұранысына сай 6 негізгі  әдептік қағидат айқындалғанына баса назар аударды: ашықтық, әділдік, адалдық, сыпайылық, адал ниеттілік, және адамға бағдарлану.

Өз сөзінде Агенттік төрағасы мемлекеттік қызметші жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын екенін көрсетіп, өз қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге, халықтың сұранысына сай қызмет көрсетуге және азаматтардың өтініштерін қарау кезінде әуре-сарсаңға жол бермеуі тиіс екенін еске салды.

Аталған қағидаттар Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын тиімді жүзеге асыруға, сондай-ақ қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға ықпал ететін болады.

Сонымен бірге МҚІА басшысы мемлекеттік аппарат қызметінде  түрлі кедергілерге жол бермеу мәселесіне тоқталып, осы бағыттағы шаралардың жүзеге асыру барысы туралы айтты.

 «Президенттің сәуір айындағы «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығымен Агенттікке бюрократия көріністеріне мониторинг пен талдау жүргізу бойынша жаңа функциялар жүктелді. Қазір Агенттік мемлекеттік аппараттың жұмысындағы бюракратияны түбегейлі жою, оған жаппай төзбеушілікті орнықтыру бағытында кешенді шаралар атқаруда. Бұл шаралар мемлекеттік аппарат персоналының  жұмысына оң серпін беріп, оны жаңа сипатқа көтеруге септігін тигізетін болады», – деді Дархан Жазықбаев.

МҚІА төрағасы мемлекеттік кызметтегі адами ресурсқа (HR) тән басты бес ерекшелік туралы айтты

ҚР МҚІА төрағасы Дархан Жазықбаевтың «Мемлекеттік қызметтегі HR: персоналды стратегиялық басқаруға көшу» HR форумында сөйлеген сөзінен:

Қазіргі заманда, адамзат баласының өміріндегі қалыптасып отырған түрлі сын-қатерлер, тәуекелдер ілгерілеудің негізгі тетігі адамның өз қолында екендігін ұқтырып отыр. Сондықтанда адами капитал бүгінгі күні ең маңызды сұрақтардың біріне айналуда. Адами капитал – қоғам дамуының негізгі факторы. «Адами капитал» және «адами ресурс» ұғымдары өзара байланысты. Адами капитал – бұл адамның іс әрекетінде қолдана алатын білімі,  қарым-қабілеті, сапалы кәсіби дағдылары болса, Адами ресурс – бұл өнімділікті, еңбек тиімділігін арттыру үшін қолдануға болатын адамдардың әлеуеті. Сондықтан Эйчар менеджер – бұл ұжымды басқарушы ғана емес, ол адам ресурсымен жұмыс істейтін,  ең алдымен адамдардың әлеуетін еңбек өнімділігін арттыруға тиімді бағыттаушы маман.

Қажетті мамандарды ынталандыратын, бағалайтын және іздеуші адам. Осы орайда, мемлекеттік аппараттағы басшылық лауазымдағы барлық қызметкерлер алдағы уақытта жаппай эйчар менеджерлерге айналуы қажет. Адами ресурс көп қырлы және ерекше, өйткені әр адам қайталанбайтын қарым-қабілетке ие. Сондықтан әрбір әлеуетті персонал құнды.

 «Адами ресурстың өзге ресурстардан (қаржылық, ақпараттық, технологиялық) басты ерекшеліктері:

Біріншіден, басқа ресурстар тек белгілі бір мақсатқа жетуге арналатын болса, адам сол мақсатты қоя алады, оның не үшін қажеттілігін таниды. 

Екіншіден, адам бастамашылық жасап белсенділік таныта алады. Адами ресурстардыңбелсенділігі мен бастамашылдығын сауатты басқару арқылы қызметте қажет бағытқа бағыттап отыру маңызды.

Үшіншіден,  Адами ресурста өзгеріске бейімделу мүмкіндігі бар. Яғни, өзінің жеке қасиеттері мен мінез-құлқын түзетуге қабілетті. Қызметшілердің өзін-өзі дамытуға, білімін арттыруға, тәжірибе жинақтап, кәсіби жетіліп отыруға әрдайым мүмкіндігі бар. Яғни уақыт талабы мен жаңа өмір шындығына икемделе алады.

Төртіншіден,  Адами ресурс сыртқы теріс ықпалдарға қарсы тұру қабілетіне ие. Кез-келген сыртқы әсер етуші факторды бағалап, оны заңнамаға, қалыптасқан жағдайға сәйкес зерделеп, оң шешім қабылдауға ықпал етеді.

Адамның кәсіби қарым-қабілетіне қарай еңбек өнімділігін арттыру мақсатында, оны дұрыс бағыттай білу – эйчар менеджерлердің басты міндеті. 

Бесіншіден, Адами ресурстардың құндылығы жаңа білім, тәжірибе, біліктілікті жетілдіру арқылы үнемі артып отырады. Мұндай ресурстың иесі өзінің қабілеттерін еңбек нарығында жоғары бағамен ұсына алады».

Жоғарыда айтылған ерекшеліктер мемлекеттік кызметтегі адами ресурсқа (HR) тән басты белгілер болуы керек.

 «Әрбір адам ресурсы қайталанбас, күрделі, үнемі жетіліп отыруға қабілетті болуымен басқа ресурстардан түбегейлі ерекшеленеді.  Сондықтанда бүгінгі күні эйчар – даму мен ілгерілеудің негізгі кілті ретінде әлемдік маңызды тенденцияға айналып отыр. Ең бастысы, оның  кез-келген жағдайда оң нәтижеге қол жеткізуге икемді болуы, мақсатты жүзеге асыруда өзгерістерді қабылдап, әрі қарай шешім қабылдай білуі маңызды».

«Адамға бағдарланған» мемлекеттік басқару моделінің басты ерекшелігін екі қырынан түсіну қажет. Біріншісі  – мемлекеттік қызметті жүзеге асыруда клиентке бағдарланып, сервистік сипатта болу. Екінші қыры – басқарудағы адами ресурсқа айрықша мән беру, кадрлық әлеуетті жетілдіру».

ҚР МҚІА Баспасөз қызметі