Өңірде цифрландыру жұмысы қарқынды жүргізілуде. Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру жұмысымен облыстық цифрландыру басқармасы айналысады. Бүгінгі күні 277 мемлекеттік қызмет автоматтандырылған, бұл — 96,8 пайыз көрсеткіш. Осындай ақпаратпен өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Жетісу облысының цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Айдын Темірбаев бөлісті.
Спикердің мәліметінше, басқарма қызметінің басты бағыты — «Ақылды қалалар» эталондық стандартына сәйкес инвестициялық жобалардың енгізілуі, «Smart city» концепциясының дамуы, мемлекеттік қызметтердің автоматтандырылуы мен облыс аумағында ұялы байланыс пен интернет желісінің дамуына мониторинг жұмыстары.
«Бүгінгі күні Талдықорған қаласында 109-Қызметі жұмыс жасайды. Жоба төтенше емес жағдайлар және коммуналдық қызмет саласына қатысты түсетін өтініштерді сараптауға арналған. Биылғы жылы жоба ауқымын аудан, қалалар көлемінде кеңейту мәселесі жоспарланған», — дейді басқарма басшысы.
Мемлекет басшысының тұрғындардың жер фонды мен тұрғын үй нысандарына қолжетімділігін арттыру, бұл мәселеде ашықтықты қамтамасыз етуге қатысты тапсырмасына орай облыста Өңірлік геоақпараттық жүйе іске қосылған.
«Жетісу облысы республикада алғашқылардың бірі болып «Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүліктің кадастры» және «электрондық үкімет» порталдарымен Өңірлік геоақпараттық жүйені интеграциялау жұмысын аяқтады. Бұл жүйе жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету процестерін автоматтандыруды одан әрі жетілдіру алаңы болып табылады», — деп атап өтті спикер.
Мемлекет басшысының өңірлердегі «I-Qala» қалалық қызмет көрсету орталығының оң тәжірибесін кеңейту жөніндегі тапсырмасы аясында өткен жылы геопортал базасында «i-Jetisu» платформасы іске қосылды. Ол онлайн режимінде инновациялық тәсілді енгізу арқылы қала тұрғындары мен қонақтарына тұрғын үй-коммуналдық сектор ұйымдарынан қызмет алуды жеңілдетуге бағытталған.
Көлік саласында Талдықорған қаласында жеке инвестиция есебінен «E-билеттеу» жобасы іске қосылды. Талдықорған қаласындағы барлық автобустарда 196 валидатор орнатылған, жол жүру ақысын төлеу бойынша нұсқаулықтар жолаушылар салонында ілінген. Жол ақысын төлеудің 9 тәсілі бар: көлік карталары, банк карталары, SMS төлемі, 4 мобильді қосымша, NFC смартфоны және қолма-қол ақша.
«Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын әзірлеуде. Осыған байланысты, Жетісу өңіріне 100-ден астам тұрғыны бар барлық елді мекендердің тізімдері мен сапалы мобильді интернетпен қамтамасыз етудің бюджеттік қажеттілігі туралы ақпарат жіберілді. Осы жоба әзірленіп, облыс жіберген тізім келісілсе, тізімде көрсетілген елді мекендер сапалы мобильді интернетпен қамтылады», – дейді Айдын Темірбаев.
Бүгінде облыстағы 352 елді мекеннің 303-і мобильді интернетке қосылған. 2022 жылы «KaR-Tel Beeline» ЖШС облыстың 32 ауылында 4G желісін іске қосуды жоспарлап отыр. Ағымдағы жылдың соңына дейін «Мобайл Телеком Сервис» ЖШС (Tele2/Altel) 6 ауылда спутниктік хабар таратуды ауыстыруды жоспарлап отыр, бұл осы елдімекендерде ғаламтор сапасын арттыруға мүмкіндік береді. 2021-2024 жылдары 17 елді мекенде интернет желісін тарту жоспарлануда.