ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын орындау барысы қаралды.
Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Кешенді жоспарға 675 мемлекеттік меншік және квазимемлекеттік сектор нысаны кіретінін баяндады. Оның ішінде 7 республикалық және 250 коммуналдық меншік объектісі, 262 ұлттық холдингтер мен компаниялар объектісі, сондай-ақ шамамен 150 ӘКК объектісі бар.
Бүгінгі таңда 141,7 млрд теңге тұратын 253 объект бәсекелестік ортаға берілді, 60 объект қайта ұйымдастыруға және жабылуға бағытталған, 146 объект – сауда-саттықта және тағы 216 объект – сату алдындағы дайындықта. Сату, қайта ұйымдастыру және жабу бойынша Кешенді жоспардың орындалуы 46%-ды құрайды.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, жекешелендіру тізбесін кеңейту үшін активтерді іріктеу критерийлері бекітілді, олардың ішінде акциялардың бақыланбайтын пакетін иелену және қызметтің негізгі көрсеткіштеріне қол жеткізбеу, сондай-ақ монополияға қарсы органның бәсекелестік ортаға беру жөніндегі ұсынысының болуы және тауар нарығында қатысудың ұсынылған мерзімінің басталуы бар. Осы критерийлер негізінде Кешенді жоспарға 170-тен астам нысан қосылып, өзектендірілді. Сонымен қатар жекешелендіру кезінде мемлекеттің мүдделерін сақтау үшін стратегиялық ұйымдардағы бақылау үлестерін сақтау көзделген.
Сонымен қатар бүгінде коммуналдық кәсіпорындарды жекешелендіру тәсілі қайта қаралды. Мәселен, жоспардан халықтың тіршілігін қамтамасыз ету үшін маңызды 200-ден астам әлеуметтік маңызы бар объекті (сумен, электрмен және жылумен жабдықтау) алынып тасталды.
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев баяндама жасады.
Премьер-Министр жекешелендіру мәселелері мемлекеттік органдардың бірінші басшыларынының ерекше бақылауында болуы тиіс екенін атап өтті.
«Кешенді жоспарды іске асыру 2025 жылға қарай мемлекеттің экономикадағы үлесін 14%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Сатуға қойылған әрбір объект бойынша Жол картасы әзірленді. Олар мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында орналастырылған. Активтерді бәсекелес нарыққа жоспарлы түрде шығаруды қамтамасыз ету қажет», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар, Үкімет басшының айтуынша, объектілердің сату алдындағы дайындық сапасына да көбірек көңіл бөлу керек. Кешенді жоспарды толыққанды іске асыру үшін жекешелендіру процесінің ашықтығын арттыру қажет.
«Мемлекеттік органдар, өңір әкімдіктері, квазимемлекеттік сектор ұйымдары жоспарды нақты орындауы қажет. Жыл қорытындысы бойынша жұмыстарыңызға тиісті баға берілетін болады», — деді Әлихан Смайылов.
Қорытындылай келе, Премьер-Министр «Самұрық-Қазына» қорына «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының IPO-сын сапалы өткізуді қамтамасыз етуді, ал Қаржы министрлігіне Кешенді жоспар объектілерінің сатылуына бақылауды күшейтуді тапсырды.
Мемлекеттік қолдау шаралары Қазақстанда балық өндіру және экспорттау көлемін арттыруға серпін берді
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында балық саласының даму қарқыны мәселесі қаралды.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің хабарлауынша, 2022 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша республиканың балық өнімдері нарығының құрылымы келесідей: ауланғаны – 42,6 мың тонна, өсірілгені – 14,1 мың тонна, экспорт – 16 мың тонна, импорт – 32 мың тонна.
Сонымен қатар 2021 жылғы сәуірде қабылданған Балық саласын дамыту бағдарламасын іске асырудың нәтижесінде 2030 жылға қарай 270 мың тоннаға дейін балық өсіру, балық өнімдерін ішкі тұтынуды жылына 134 мың тоннаға дейін ұлғайту және импорт көлемін 45 мың тоннадан 25 мың тоннаға дейін азайту жоспарланып отыр.
Көрсетілген индикаторларға қол жеткізу үшін қазіргі уақытта бизнес үшін өндірістік және инвестициялық шығындарды субсидиялау, әкімшілік рәсімдерді оңайлату және т.б. қолайлы жағдайлар жасалып жатыр. Жалпы мыңнан астам жаңа шаруашылық құру жоспарланып отыр. Оның 47-сі ірі бизнес түрі, ал инвестицияның жалпы көлемі – 150 млрд теңгені құрады.
Бүгінде елімізде 72 кәсіпорын балық өңдеумен айналысады. Оның 17-сі жоғары талаптарға сай келеді және Еуропалық Одақ елдеріне балық өнімдерін экспорттау құқығын алды, қалғандары ішкі нарық пен таяу және қиыр шет елдерге бағдарланған. Осы бағытты қолдау мақсатында терең өңделген балық өнімдерін субсидиялауды және ҚҚС бөлігінде салықтық жеңілдіктерді енгізу жоспарлануда.
Өңірлерде саланың даму қарқыны туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов және Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды баяндама жасады.
Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр соңғы 3 жылда балықты қолдан өсіру көлемі 2 есе көбейгенін атап өтті. Бұған өткен жылы қабылданған Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы айтарлықтай серпін берді. Саланы мемлекеттік қолдау шаралары күшейтіліп, балық өсіруге арналған тоғандарды жобалау рәсімдері жеңілдетілді. Салық кодексі аясында балық кәсіпшілігіне қосылған құн салығын 70%-ға төмендету көзделді.
«Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы 2 жылда балық өсіретін шаруашылықтардың саны 2 есе өсті. Балық экспорты 13%-ға ұлғайды, оның ішінде Еуропа елдері де бар. Жалпы, қолдан өсірілген және ауланған балық өндірісі биыл 10 айда шамамен 57 мың тонна болды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 12%-ға жоғары», — деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, Қарағанды, Алматы және Павлодар облыстарында да балық өндірісі төмен.
«Аталған өңір әкімдіктері жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша жұмысты күшейтіп, бизнестің бастамаларына қолдау көрсетуі қажет. Сондай-ақ кәсіпкерлерді балық өнімдерін терең өңдеуге ынталандырып, табиғи су қоймаларындағы балық қорының көбеюіне де назар аудару қажет», — деді Әлихан Смайылов.
Қорытындылай келе, Премьер-Министр балық шаруашылығы саласына инвестициялар тарту жұмысын күшейту қажет екенін атап өтті. Оның ішінде, балық өсіретін шаруашылықтарды ұйымдастыру үшін учаскелерді беру рәсімін жеңілдету, отандық балық өнімдерін сататын арнаулы объектілер құру және Атырау облысындағы бекіре зауыттарын реконструкциялауды бюджеттік инвестициялық жобалар тізбесіне енгізу мәселесін пысықтау қажет.
Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары 675 мемлекеттік меншік және квазимемлекеттік сектор объектілерін қамтиды
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының орындалу барысы қаралды. Аталған тақырып бойынша Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев баяндама жасады.
Қаржы министрінің айтуынша, Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының орындалу барысы келесідей қалыптасып отыр.
Кешенді жоспар мемлекеттік меншіктегі және квазимемлекеттік сектордағы 675 объектіні қамтиды, оған республикалық меншіктегі 7 объекті; коммуналдық меншіктегі 250 объекті; ұлттық холдингтер мен компаниялардың 262 объектісі; әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың 156 объектісі кіреді.
Бүгінде Кешенді жоспардағы 675 объектіден сомасы 141,7 млрд теңге болатын 253 объекті бәсекелес ортаға берілді; 60-сы қайта ұйымдастыруға және таратуға жіберілді; 146-сы сауда-саттықта болса; 216 объекті сату алдындағы дайындықта тұр.
«Кешенді жоспардағы сату, қайта ұйымдастыру және тарату бойынша процестерді ескерсек, оның орындалуы 46%-ды құрайды. Ал Кешенді жоспар объектілерін сауда-саттыққа шығару көрсеткіші 68%-ды құрап отыр», — деді министр.
Ерұлан Жамаубаевтың айтуныша, Кешенді жоспарды уақытылы және тиісінше орындау мақсатында мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында әрбір объектіні сатуға шығару бойынша іс-шараларды өткізу мерзімдері көрсетілген жол карталары орналастырылды. Жол карталары ашық қолжетімді.
Бұдан басқа, объектілерді сатуға шығару мерзімдеріне тәсілдер белгіленді. Оларға сәйкес осы жылдың соңына дейін Кешенді жоспар объектілерінің 80%-на дейін сауда-саттыққа шығару көзделген.
«Қаржы министрлігі сату жол карталары бойынша іс-шаралардың орындалуына тұрақты мониторинг жүргізеді», — деді қаржы министрі.
Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, биыл Кешенді жоспардың 295 объектісі сатуға шығарылуы тиіс болатын.
Биылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша олардың ішінен сомасы 86,1 млрд теңге болатын 36 объекті бәсекелес ортаға берілді, 32-сі қайта ұйымдастыруға және таратуға жіберілді, 146 объекті сауда-саттықта тұр.
Министрдің айтуынша, Кешенді жоспар объектілерінің 80%-на жуығын сауда-саттыққа шығаруды қамтамасыз ету үшін жыл соңына дейін тағы 81 объектіні сатуға шығару қажет болады.
«Биылғы қыркүйекте және қарашада мен бұл мәселе бойынша арнайы жиналыс өткізіп, қажетті іс-шараларды жеделдету бойынша тиісті тапсырмалар берген болатынмын. Олардың нәтижелері бойынша мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталына жаңадан енгізілген 13 объекті бойынша жол карталары енгізілді, сондай-ақ, коммуналдық меншіктегі және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың 24 объектісі бойынша жол карталары өзектендірілді. Бұған дейін бұл объектілерді сатуға шығару мерзімдері айқындалмаған болатын», — деді Е. Жамаубаев.
Бұдан басқа, жақында Қазақстан қор биржасында және Астана халықаралық қаржы орталығының биржасында IPO арқылы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының акцияларын орналастыру процесі басталды.
Негізінен өңірлер мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының көбісі Кешенді жоспар объектілерінің 80%-ын сатуға шығарғанын атап өткен жөн.
Бұл ретте жекелеген өңірлер мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар объектілерді сатудың 90-100%-ын қамтамасыз етті. Бұл Қарағанды, Абай және Ұлытау облыстары, сондай-ақ, «Kokshe», «Тобыл», «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары.
Дегенмен 7 өңір мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары көзделген көрсеткішке сәйкес дер негізінде нысандарды сатуға шығарып үлгермеген.
Ең төменгі көрсеткіштер Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында, «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында байқалады.
«Баяндалғанды ескере отырып, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері, ұлттық холдингтер мен компаниялардың, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың басшылары Кешенді жоспар бойынша іс-шараларды ерекше бақылауға алып, оның толық орындалуын қамтамасыз етулері қажет деп есептейміз. Тиісті тапсырма беруіңізді сұраймын», — деді қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Әрі қарай ұлттық экономика министрі Ә. Қуантыров баяндама жасады.
«Бәсекелестікті арттыруға бағытталған кәсіпорындарды жекешелендіру арқылы мемлекеттің қатысуын қысқарту жұмысы жалғасуда. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Ұлттық экономика министрлігі жекешелендіру бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп айтарлықтай жұмысты атқарды», — деді Ә. Қуантыров.
Бірінші. Осы жылдың ақпан айында жекешелендіру тізбесін одан әрі кеңейту үшін активтерді іріктеу критерийлері бекітілді. Бұл:
— маңызды аспектілер бойынша стратегиялық шешімдер қабылдау құқығын бермейтін бақыланбайтын пакетке иелік ету;
— қызметтің негізгі көрсеткіштеріне қол жеткізбеу;
— шағын және микро кәсіпкерлік субъектілеріне жатқызу;
— жобаның өзін-өзі ақтау мерзімінің өтуі.
Яғни, әлдебір нысан көрсетілген критерийлерге сәйкес келсе, онда ол жекешелендіруге жатқызылады.
Бұдан басқа, Агенттіктің мандатын кеңейту аясында Жекешелендірудің жаңа екі критерийі енгізілді, ол монополияға қарсы органның бәсекелестік ортаға беру жөніндегі ұсынысының болуы және монополияға қарсы орган ұсынған тауар нарығында болу мерзімінің өтуі.
Жоғарыда көрсетілген критерийлер негізінде бүгінгі таңда кешенді жоспар 170-тен астам нысанды қосу арқылы өзектендірілді. Кәсіпкерлердің жекешелендіру объектісін таңдау құқығы бекітілді. Нысан жеке бастама болған жағдайда сатылуы мүмкін.
Бұл ретте жекешелендіру кезінде мемлекет мүдделерін сақтау мақсатында:
— стратегиялық ұйымдардағы, мәселен, ҚазМұнайГаз, Қазақстан темір жолы, QazaqGaz және т.б. компанияларында бақылау үлесін сақтау;
— сатып алу-сату шартын жасасқанға дейін қызметкерлер штатын қысқартпау ережелері көзделген. Объектілер уақытылы сатуға шығарылмаған жағдайда, лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылады.
Екінші. Жекешелендірудің және мемлекеттік комиссия қызметінің ашықтығы қамтамасыз етілді. Мемлекеттік комиссияның ұсынымдық шешімдерін жариялау; жекешелендіру процесінің әрбір кезеңі бойынша активтер бөлінісінде толық ақпаратты жариялау; әлеуметтік нысандарды және стратегиялық маңызы бар объектілерді сатудан бұрын, оны жұртшылықпен, оның ішінде БАҚ өкілдерінің қатысумен алдын ала талқылау міндетті.
Тікелей атаулы сату кезінде тиісті негіздемелер жарияланады.
«Сонымен қатар Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сайты Мемлекеттік мүлік тізілімімен интеграцияланған, онда жекешелендірудің әрбір объектісі мен процесі туралы толық ақпарат беріледі», — деді ұлттық экономика министрі.
Үшінші. Мемлекеттік монополистердің орнына жеке монополистердің пайда болуына жол бермеу мақсатында коммуналдық шаруашылықтарды жекешелендіру тәсілі қайта қаралды.
Министрдің айтуныша, көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін және олардың сапасының нашарлауын болдырмау мақсатында жекешелендіру объектілер тізімінен жергілікті табиғи монополиялар нысаны болып табылатын және халықтың тіршілігін қамтамасыз ету үшін маңызды 200-ден астам әлеуметтік маңызы бар объектілер алынып тасталды. Осылайша, бұл объектілер мемлекеттің меншігінде қалады.
Сонымен қатар алдағы уақытта мұндай объектілерді жекешелендіру туралы мәселе тек инвесторлар тарапынан мемлекет мүдделерін ескеретін шарттармен келіскен жағдайда ғана қаралуы мүмкін. Осылайша, Мемлекеттік мүлік тізілімінде «Табиғи монополиялар субъектілері» деген жаңа бөлім пайда болады. Аталған бөлімде жеке инвесторлар инвестициялық бағдарламасын ұсына отырып, нысанды сатып алуға өтінімін беру мүмкіндігі көзделетін болады.
Төртінші. Ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың активтерін сату есебінен Ұлттық қорды толықтыру қамтамасыз етілді.
Биылғы тамыз айында, Ұлттық қорға ұлттық холдингтер активтерін бәсекелес ортаға беруден түсетін түсімдер тәртібін айқындайтын қағидалар қайта қаралды. Сондай-ақ Ұлттық қор алдындағы міндеттемелерді заңды тұлғалардың активтерін бәсекелес ортаға беруден түскен қаражат есебінен өтеуге жол берілмейді.
Бесінші. «Мемлекеттік мүлік туралы» заңға түзетулер әзірленді, оған сәйкес:
— «өзара байланысты немесе аффилиирленген тұлғалар» ұғымын, сондай-ақ әлеуетті сатып алушы және онымен өзара байланысты тұлғаның бір уақытта бір сату лотына қатысуына тыйым салуды бекіту;
— жекешелендіру объектісінің ең төменгі бағасының мөлшерін баланстық немесе бағалау құны деңгейінде анықтау;
— құны 1 млрд теңгеден асатын ірі активтерді Агенттіктің қорытындысын ескере отырып, сату ұсынылады.
«Бұл түзетулер квазимемлекеттік секторды реформалау аясында пысықталатын болады», — деді ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.
Әрі қарай Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын орындау барысы туралы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев баяндама жасады.
А. Сәтқалиевтің айтуынша, бүгінгі таңда Қор тобы 119 актив бойынша жұмысты аяқтады, оның ішінде:
- «ҚазМұнайГаз» ҰК IPO-ға шығарылды.
- 17 актив сатылды. Оның ішінде «Самұрық-Қазына Инвест» компаниясының құрамына кірген «Лизинг групп» АҚ, «Tin one Mining» АҚ, «Электрод СК» ЖШС, «KAZ Феррит» ЖШС және «Қазатомөнеркәсіптің» құрамындағы «Kazakhstan Solar Siliсon» ЖШС, «Astana Solar» ЖШС, «KazSilicon» МК бар.
- 3 актив жабылды.
- 2 актив қайта құрылды.
Әрі қарай А. Сәтқалиев «ҚазМұнайГаздың» IPO нәтижелеріне жеке тоқталды.
Оның айтуынша, кеше Қордың Директорлар кеңесі мен Үкімет «ҚазМұнайГаз» компаниясының акцияларын иеліктен шығару туралы соңғы шешімдер қабылдады. Өтініштер 9 қараша мен 2 желтоқсан аралығында қабылданды. Қазақстан азаматтары өтініштерін қанағаттандыруға басымдық берілді. Азаматтардан түскен өтініштердің жалпы саны 128,7 мың өтініш. Жалпы сомасы 74,6 млрд теңгені құрады.
Қор келесі портфельдік компанияларды IPO/SPO-ға шығаруды жоспарлап отыр:
2023-2024 жылдары – «Air Astana», «KEGOC» және «Самұрық-Энерго» жасыл активтерінің портфелі.
2024-2025 жылдары – «QazaqGaz» ұлттық компаниясы.
2025 жылы – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы.
Алмасадам Сәтқалиевтің айтуныша, Жекешелендірудің кешенді жоспарында көрсетілген активтерден басқа, Қор стратегиялық емес активтер бойынша жұмысты жалғастыруып жатыр.
Мәселен, 2021-2022 жылдары:
- 11 актив жабылды. Оның ішінде «Rompetrol» компания тобының активтерін атап өтуге болады.
- Екі актив заңнамаға сай мемлекеттік меншікке берілді. Бұл Электр энергиясы мен қуаты рыногының Қазақстандық операторы және Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі есеп айырысу-қаржы орталығы.
- Екі актив сатылды
- Бір актив қайта құрылды.
«Кешенді жоспарды уақытылы және сапалы жүргізу – Қордың басты мақсаттырының бірі», — деді «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев.