ҚР ИИДМ: Литваның мемлекеттік органдарымен қазақстандық жүк көліктерін өткізу жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр

Қазір Литва Республикасы енгізген талапқа сәйкес жалға алу құқығымен халықаралық жүк тасымалын жүзеге асыратын шетелдік автокөліктер ел аумағына кіре алмайды.

Осыған байланысты ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Литваның көлік саласындағы құзыретті органымен келіссөздер жүргізіп, жалға алынған қазақстандық автокөліктердің халықаралық жүк тасымалындағы қолданыстағы тәртіпті сақтап келе жатқанын жеткізе келе тиісті хатты жолдады.

Литва тарапының алдын ала ақпаратына сүйенсек, қазақстандық автокөліктердің жалға алу құқығы расталған жағдайда олардың аталған мемлекеттің аумағында жүруіне кедергі туындамайды.

Сондай-ақ тиісті хат Қазақстан Республикасының Литва Республикасындағы Елшілігіне де жіберілгенін айта кетейік.

Аталған мәселе ведомствоның жіті бақылауында.

ҚР ИИДМ баспасөз қызметі