Қазақстанда өңірлердегі энергетикалық объектілерге толық техникалық аудит жүргізіледі

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Екібастұз қаласын жылумен қамту мәселелері қаралды.

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов төтенше жағдайдың хронологиясын ұсынып, қаладағы ағымдағы жағдай туралы айтып берді, сондай-ақ қазіргі уақытта жылумен қамтуды қалпына келтіру бойынша жөндеу жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.

Премьер-Министр апатқа себеп болған барлық мәселелерді тез арада шешу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар Энергетика министрлігіне Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, «Екібастұзжылуэнерго» мекемесіндегі технологиялық ережелерді бұзуға қатысты тексеру жүргізуді тапсырды. 

«Қыс басталмай жатып, осындай төтенше жағдай орын алып отыр. Барлық әкімдер бұдан қорытынды шығаруы тиіс», — деді Әлихан Смайылов. 

Одан бөлек, Премьер-Министр өңірлердегі энергетикалық объектілерге толықтай техникалық аудит және объектілердің меншік иелерімен жұмыс жүргізуді, сондай-ақ «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында коммуналдық кәсіпорындардан келіп түсетін әрбір өтінімді мұқият зерттеуді тапсырды.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инфрақұрылымын жаңғыртуға және жөндеуге бөлінетін қаражаттың нақты, мақсатты жұмсалуын қатаң бақылауға алу керек. Жалпы әкімдер жылу беру маусымын тұрақты жеке бақылауда ұстауы керек», — деп түйіндеді Ә. Смайылов.

Алдағы жылдары Қазақстанда 400-ге жуық жайлы мектеп салынады

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мәселелері қаралды.

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Ұлттық жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мектеп инфрақұрылымын жаңғырту үшін әзірленгенін айтты. Оның аясында 842 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы оқу орындарының ауқымды құрылысы көзделген.

Мәселен, жайлы мектептер қажетті оқу жабдықтарымен, түрлі пәндік кабинеттермен, бейнебақылау және дыбыстық хабарлау жүйелерімен, балаларға арналған жеке шкафтармен және т. б. толық жабдықталатын болады.

Мұндай мектептер ауылда да, қалада да бірыңғай стандарт бойынша салынатын болады. Оған қоса, онда ерекше білім қажеттіліктері бар балалар үшін жағдай жасалатын болады.

Сонымен қатар, министрдің айтуынша, жаңа мектептер үшін мұғалімдерді даярлау және біліктілік арттыру жұмыстары жалғасады. Жалпы 2026 жылға қарай 100 мыңға жуық маман дайындалады деп күтілуде.

Премьер-Министр «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы мектептердегі орын тапшылығын болдырмауға, апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге бағытталып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ жаңа білім ордаларында пәндік кабинеттер, компьютерлік сыныптар, зертханалар мен шеберханалар болады.

«Бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар қарастырылған. Әр блоктың өз асханасы мен спорт залы болады. Мектеп ішінде оқулықтар мен жеке заттарды сақтауға арналған жеке шкафтар орнатылады. Осылайша оқушылардың ауыр сөмкелерін біршама жеңілдетуге мүмкіндік туады», — деді Әлихан Смайылов. 

Үкімет басшысының айтуынша, сондай-ақ оқушыларға ыңғайлы болу үшін трансформер-парталар мен «ауызсу фонтандары» қойылады. Әр қабатта оқушыларға арналған тынығу алаңдары болады.

Премьер-Министр 2023-2025 жылдары елімізде 401 жайлы мектеп салу жоспарланып отырғанын айтты. Жалпы жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 2,6 трлн теңге бөлінді.

«Жобаны іске асыру балалардың жақсы білім алуы үшін қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді. Өңір әкімдері жыл соңына дейін жер учаскелерін бөліп, инженерлік коммуникацияларды жүргізу мәселесін мұқият ойластыруы қажет», — деді Әлихан Смайылов. 

Тақырыпты қорытындылай келе, Үкімет басшысы Оқу-ағарту министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, жобадағы іс-шаралардың уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

ҚР Үкіметі Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын мақұлдады 

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы қаралды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың хабарлауынша, «Ашық Қазақстан 500+»   тұжырымдамасы елімізге білікті кадрлардың келуін ынталандыруға, шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқығын қорғауға және өңірлер арасындағы демографиялық теңгерімсіздікті жоюға және жалпы көші-қон саясатын тиімді «жаңғыртуға» бағытталған.

Атап айтқанда, білім беру иммиграциясы шеңберінде он жылдық «Ғылыми-педагогикалық виза» берудің оңайлатылған тәртібін енгізу, ал бизнес-иммиграция аясында ел аумағында тұруға, бизнесін тіркеуге, мүлікке иелік етуге, қызметкерлер жалдауға, қаржы төлемдерін жүргізуге және олардың кәсіпкерлік қызметінен туындайтын басқа да операцияларды еркін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін «инвесторлық виза» беру көзделіп отыр.

Сонымен қатар елімізге тапшы мамандықтар бойынша шетелден үздік мамандарды тарту, сондай-ақ елге келетін қандастардың көші-қонын реттеу тетіктерін жетілдіру жөніндегі шаралар қарастырылған.

Осы тақырып бойынша ішкі істер министрі Марат Ахметжанов та баяндама жасады.

Премьер-Министр Тұжырымдаманың көші-қон процестерін барынша тиімді реттеу үшін әзірленгенін атап өтті. Құжатта демографиялық, экономикалық және әлеуметтік-мәдени басымдықтардың барлығы ескерілген.

Қазақстан экономикасына жоғары білікті мамандарды, инвестиция, озық технологияларды тарту үшін тұжырымдама жобасында визалардың жаңа түрлерін енгізу көзделіп отыр. Ондай визалар жетекші ғалымдарға, оқытушыларға, шығармашылық және біздің нарықта аса қажет мамандық иелеріне беріледі.

Әлеуетті инвесторларға қойылатын талаптар да қайта қаралды. Ірі инвесторларға 10 жыл мерзімге тұруға рұқсаты бар инвесторлық визалар беріледі. Сондай-ақ азаматтарды еңбек күші жетпейтін өңірлерге көшіп баруын ынталандыру да тұжырымдаманың негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Бұл ретте көшіп барғандарды баспанамен, әлеуметтік инфрақұрылыммен және жұмыспен қамтамасыз ету алдын ала пысықталатын болады.

Тағы бір маңызды мәселе – ол шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқықтарын қорғау.

«Біздің отандастарымызға заңгерлік және консультациялық көмек көрсетілетін болады. Ол үшін қазақстандық азаматтар көп жұмыс істейтін елдермен екіжақты келісімдер жасалатын болады. Қай елде еңбек етсе де, біз өз азаматтарымызды қорғай алуымыз керек», — деді Премьер-Министр.

Оның айтуынша, Тұжырымдамада «бір терезе» қағидаты бойынша мигранттардың қозғалысын есепке алудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құру көзделген. 

Ұсынылған Тұжырымдаманы бекіту бойынша дауыс беру рәсімінен кейін Әлихан Смайылов Тұжырымдамадағы бастамаларды заң жүзінде уақытылы бекітуді қамтамасыз етуді және көші-қон процестерін автоматтандыру үшін ақпараттық жүйелерді дамыту шараларын қабылдауды тапсырды.

Сонымен қатар Премьер-Министр өңір әкімдіктері шетелдік мамандарды тарту үшін квота белгілеу кезінде сол өңірге ең қажетті кадрлардың келуін қамтамасыз етуі және олардың жұмысына бақылауды күшейтуі тиіс екенін атап өтті.