Премьер-министр үкіметтің жеті жылға арналған негізгі міндетін жариялады (Видео)

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов елімізде өткен Президент сайлауы аясында Үкімет жұмысының алдағы жылдарға белгіленген негізгі бағыттарды атап өтті.

Үкіметтің кезекті отырысын аша отырып, Әлихан Смайылов Орталық сайлау комиссиясының алдын ала қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айқын басымдықпен жеңіске жеткенін айтты. Оның кандидатурасын парламенттік партиялар мен ірі қоғамдық ұйымдарды біріктірген Халықтық коалиция ұсынған болатын және Қазақстан халқы жаппай өз қолдауын білдірді.

«Үкіметтің алдағы жеті жылдағы негізгі міндеті – сайланған Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын сапалы әрі нәтижелі іс жүзіне асыру. Экономикада, әлеуметтік салада және өңірлік саясаттағы түбегейлі өзгерістер осы сайлауалды бағдарламаның негізі болып табылады», — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, барлық мемлекеттік органдар мен ведомстволар осы мақсат үшін, яғни әділетті Қазақстан құру жолында халықтың мүддесіне сай күш біріктіріп, жұмыла еңбек етуі тиіс.

«Үкіметтің жұмысы негізінен экономиканы демонополизациялауға, кәсіпкерлік қызметті ынталандыруға және азаматтардың табысын арттыруға, білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерін жаңғыртуға бағытталатын болады», — деді Премьер-Министр.

Қазақстан ауылдарында медициналық объектілер салу және қайта жөндеу бойынша ауқымды жұмыстар басталады

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру жоспарлары қаралды.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың хабарлауынша, бүгінде ауылда шамамен 8 млн адам тұрады, бұл республика халқының шамамен 41%-ын құрайды. Ауыл тұрғындарына 5 мыңнан астам медициналық ұйым қызметкерлері медициналық көмек көрсетеді. Сонымен қатар арнайы жылжымалы кешендер, медициналық пойыздар және санитарлық авиация қолданылады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл тұрғындарының денсаулық жағдайын жақсартуға арналған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы әзірленді. Жоба үш міндетті қамтиды: 1) фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар салу арқылы барлық ауылдық елді мекендерді медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету; 2) заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған заманауи көпбейінді ауданаралық орталық ауруханалар желісін ұйымдастыру; 3) ауылдық денсаулық сақтау объектілерін медицина кадрларымен қамтамасыз ету.

Жобаны іске асырудың нәтижесінде профилактикалық қарап-тексерулердің, скринингтердің, сондай-ақ ауыл тұрғынына алғашқы шұғыл, мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмектің қол жетімділігін арттыру, сондай-ақ қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімді төмендету жоспарланған.

Премьер-Министр ауылдарда медициналық қызметтің сапасын жақсарту үшін барлық инфрақұрылымды жаңғырту қажет екенін атап өтті. Осы орайда жоба аясында 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек объектісі салынып, қайта жөнделеді. Сондай-ақ 12 аурухана жаңғыртылып, жаңадан 20 аудандық аурухана ашылады. Сонымен қатар басқа да жобалар аясында, мысалы, «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша медициналық объектілер салу көзделіп отыр.

«Ауыл халқы үшін барлығы 700-ге жуық медициналық объекті ашылатын болады. Ол үшін жергілікті атқарушы органдар жер учаскелерін бөлуді жедел қамтамасыз етіп, инженерлік коммуникацияларды жүргізу мәселесін шешуі қажет», — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, Ұлттық жоба шеңберінде ауылдағы медициналық ұйымдарды денсаулық сақтаудың бірыңғай ақпараттық жүйесіне интеграциялау және жаңа технологиялар жаппай енгізу көзделген, бұл азаматтарға өздері тұратын өңірлерде сапалы медициналық қызметтер алуға мүмкіндік береді.

Әлихан Смайылов ұлттық жобаның аса маңызды аспектілерінің бірі кадр тапшылығы проблемасын шешу және ауылдық жердегі медицина қызметкерлерінің біліктілік деңгейін арттыру екенін айтты. 

«Өңір әкімдері ауылға келетін медициналық кадрлардың әлеуметтік мәселелерін шешуге назар аударуы тиіс. Жас мамандар ауылға келіп, біліктілігін арттыруға және жұмыс істеуге мүдделі болуы керек», — деді Премьер-Министр.

Ол жобада көзделген барлық шаралар ауылдағы медициналық қызметтің сапалы әрі қолжетімді болуын қамтамасыз ететінін айтып, Денсаулық сақтау министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, ұлттық жобадағы іс-шаралардың уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды 

Үкіметте аграрийлерді сумен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қаралды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында агроөнеркәсіп кешенінде су ресурстарын пайдалану жөніндегі міндеттер қаралды.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің баяндауынша, осы жылы барлық тартылған судың шамамен 11,6 км3 тұрақты суаруға жіберілді, оның 97%-ы оңтүстіктегі бес облысқа – Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Жетісу облыстарына тиесілі, жалпы суару ауданы 1,61 млн га (ел бойынша 73%) болды.

Аталған кезеңде трансшекаралық өзендер бассейндеріндегі 5 322 су шығару құрылыстарына жөндеу жүргізілді, 1 512 км магистральдық және шаруашылықаралық каналдарды реконструкциялау және механикалық тазарту жүзеге асырылды, суару үшін коллекторлық-дренажды суларды қайта пайдалану үшін 67 сорғы қондырғысы сатып алынды, 107 мың га ауданда су үнемдеу технологиялары қолданылды.

Бүгінгі таңда 2023 жылғы вегетациялық кезеңге дайындық үшін арнайы жоспар бекітілді, оның аясында алдын ала жұмыстар басталды.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов және Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды баяндама жасады.

Премьер-Министр еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі ауыл шаруашылығына қажетті судың жеткілікті болуына тікелей байланысты екенін айтып өтті. Себебі бүгінде тұтынатын судың жартысынан көбі аграрлық секторға тиесілі.

Оған қоса, АӨК-ті сумен қамтамасыз ету су жетіспеушілігіне байланысты жыл өткен сайын қиындай түсуде. Әлихан Смайыловтың айтуынша, бұған бірнеше фактор әсер етіп отыр: көрші елдердің аумағынан келетін суға тәуелдіміз, біздің өңірде судың аз жиналуы, каналдардағы судың шығыны жоғары, сондай-ақ суды үнемдеу технологиялары жеткіліксіз.

«Осыған қарамастан қабылданған шаралардың нәтижесінде биылғы вегетациялық кезең қалыпты жағдайда өтті. Көрші мемлекеттердің су қоймаларынан қосымша су жіберілді. Сумен қамтамасыз ету объектілерінде қажетті техникалық жұмыстар жүргізілді. Бұл жұмысты әрі қарай жалғастырып, келесі вегетациялық кезеңге арналған жоспарларды бекітудің маңызы зор»,  деді Әлихан Смайылов. 

Премьер-Министр трансшекаралық сулар бойынша үкіметаралық келісімдерді жетілдіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу, каналдар мен су қоймаларын жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын күшейту, суармалы жерлерде су үнемдеу технологияларын және жалпы суды цифрлық есепке алуды енгізуді ынталандыру керек екенін айтты.

«Атап айтқанда, суды көп қажет ететін дақылдарды өсіру үшін жаңбырлатып және тамшылатып суару жабдықтарын қолдану тәжірибесін кеңейту қажет. Сондай-ақ коллекторлық-дренаждық жүйелер арқылы суды қайта пайдалану технологияларын көбірек қолдану керек»,  деді Әлихан Смайылов. 

Сөз соңында Үкімет басшысы жалпы өңірлерді қажетті судың көлемімен қамтамасыз ету үшін сумен жабдықтаушы ұйымдардың жұмысын үйлестіру қажет екенін атап өтті.

primeminister.kz