Тіл — қандай ұлтта, елде болмасын әрқашан қастерлі де қадірлі. Бүгінде қазақ жерінде 140-тан астам ұлт өкілдері өмір сүріп келеді. Олардың әрқайсысының ана тілі мен ата дәстүрі бар. Қазақстан Республикасының Конституциясының «Тіл саясаты туралы» тұжырымдамасы және осыларға негізделген «Тіл туралы»заң республикадағы тілдердің ұлтаралық жарастық пен рухани ынтымақтастық құралы ретінде қызмет етуін және тіл алуандығын көздейді.
Ел тәуелсіздігінің ең басты белгісі оның ана тілі екені бәрімізге белгілі. Тіл – халықтың сан ғасырлық тарихы. Әлемдегі кез келген халық тәуелсіздікке ұлттық қадір-қасиетін, мәдиниетін, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады. Сондықтан, әрбір мемлекет өзінің ана тілін қасерлеп, қорғап жүреді. Ал ана тілін қорғау дегеніміз – өз ана тілінде таза сөйлеу.
Тіл – асылдардың асылы,қымбаттың қымбаты, адамды адам еткен ұлы күштердің бірі. Ол қоғам тарихының барлық дәуірінде де оның күресі мен дамуының құралы, рухани өмірінің, бүкіл мәдениетінің тұтқасы болып келеді. Қоғамдық ой-сана, дүниетаным тіл арқылы ғана қалыптасып, жарыққа шығады, басқаларға беріледі. Тіл – адам баласын қазіргі прогреске жеткізген ұлы да бірегей туынды.
Сөз адамның ой-өрісін, мәдени дәрежесін, байыптылығын, ақыл-парасатын көрсетеді. Сондықтан сөйлеу мәдениетіне қай уақытта болса да ерекше мән берген, қай халық болса да қатты бағалаған. Сөйлеу мәдениеті сөйлеуші адамның ішкі жан дүниесінің тазалығына да, сөз өнеріне де қатысты. Сөзге шешен адам мәдениетті әрі шебер сөйлейді. Мәдениетті, ой-өрісі жоғары, өмірге сенімді, адамдардың сөйлеу тілі де жоғары болуы тиіс. Әсіресе, тіл мәдениетін сақтау, ана тілін жақсы білу – әркімнің азаматтық борышы.
Әл-Фараби мен Жүсіп Баласағұн шығармашылығының сабақтастығы, рухани мұралар үндестігі халық арасында үлкен бір елдік мүддені ойлайтын топтың, би-шешендердің қалыптасуына негіз болды. Сондықтан аталған қос адамның қалдырған ілімдерінің қазақ үшін қадір-қасиетін қаншалықты жоғары болатыны түсінікті. Ғұламалардың сөз құдіреті жөніндегі тұжырымдарын саралай келгендегі басты түйін: білім мен тәрбие — адамзат мәдениетінің қайнар бұлағы болса, өз кезегінде мәдениетінің негізі болып табылады. ХVІІІ — ХІХ ғасырлардағы қазақ ғұламалары, атап айтқанда Дулат Бабатайұлы, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уалихановтар сөз құдіреті туралы терең толғанған. Сөйлей білу – үлкен өнер, ол кез келген адамға қонбайды. Көпті көрген, өмірден түйгені мол адамдардың сөзі де, ісі де берекелі болады дейді. Осындан-ақ қазақ халқының сөз қадіріне ерекше мән беріп, өз ұрпағына ұлағатты тәлім-тәрбие қалдырғанын аңғаруға болады.
Индира ИДРИСОВА
Ескелді аудандық сотының кеңсе меңгерушісі