Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру және өткізу шеңберінде ҚР ОСК мүшелері ел өңірлеріне көшпелі семинар-кеңестер сериясын жалғастыруда.
Өңірлерде Ортсайлауком мүшелері аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының, жергілікті атқарушы органдардың, кандидаттардың сайлауалды штабтарының, уәкілетті мемлекеттік органдардың, құқық қорғау органдарының мүшелерімен және БАҚ өкілдерімен семинар-кеңестер өткізді.
Семинар аясында аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері Ортсайлауком мүшелерін Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына дайындық жұмыстарының барысымен таныстырды.
Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Бақытгүл Нүсіпова облыста 447 сайлау учаскесі бар екенін, сайлаушылар саны 445 762 адамды құрайтынын хабарлады. Сайлаушылар тізімдері а.ж. 30 қазанында сайлау комиссияларына берілді, ал 4 қарашадан бастап сайлаушыларға танысу үшін ұсынылды.
Облыстың аудандары мен қалаларында 21 Call-орталық жұмыс істейді. Онда азаматтардан 300-ге жуық қоңырау түскен. Жеделхат-бот және «Сайлаушылар тізімінде өзіңді тексер» онлайн сервисі іске қосылды, оны 12 908 азамат пайдаланды.
Азаматтарды алдағы сайлау туралы ақпараттандыру бойынша ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сайлау туралы 905 материал аймақтық теледидардан көрсетілді. Баспа БАҚ беттерінде 306 материал жарияланды, интернет ресурстар мен әлеуметтік желілерде 20,4 мыңнан астам пост орналастырылды.
Жетісу облысында дауыс беру кезінде ерекше жағдайлар қажет 1915 мүгедектігі бар сайлаушылар бар. 447 сайлау учаскесінің ішінен барлық дауыс беруге арналған үй-жайлар ғимараттардың бірінші қабаттарында орналасқан, 397 сайлау учаскесінде пандус бар, 50 сайлау учаскесінде оған қажеттілік жоқ.
Дауыс беру күні мүгедектігі бар азаматтарды сайлау учаскелеріне жеткізу үшін 70 елді мекенде «Инватакси» қызметінің 24 автокөлігінің жұмысын ұйымдастыру жоспарлануда.