Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес

Сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері кез келген мемлекет үшін өзекті проблемалардың бірі. Барлық елдерде оның трансұлттық сипаты танылып, оған қарсы экономикалық, құқықтық және басқа да шаралар қолданылуда. Қазақстан Республикасында тәуелсіздік алған мезеттен бастап бұл аса ауыр қылмыстарға қатысты қатаң мемлекеттік саясат қалыптасты. Еліміз ТМД мемлекеттерінің арасында бірінші болып 1998 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» арнайы заңын қабылдады. Кейіннен бұл саладағы ұлттық заңнаманы жетілдіру барысында Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы, Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенцияларын және басқа да жалпы жұрт таныған халықаралық актілерді ратификациялап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бүкіләлемдік қоғамдастықтың тең мүшесіне айналды.

 Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бүкіләлемдік кеңістіктегі Қазақстанның көрсеткіштері жыл сайын жоғарылап келеді. Бұл проблемамен жан-жақты айналысып жүрген беделді халықаралық ұйым – Транспаренси Интернешнл қорының деректеріне сүйенсек, сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша Қазақстан 2008 жылы 170-тен астам елдің ішінде 145 орында болса, 2009 жылы 120 орынға, ал былтырғы жылы 105 орынға дейін көтерілді. Бұл индекс кәсіпкерлердің, сарапшылар мен зерттеу ұйымдарының мәліметтерін қорытындылай отырып, жыл сайын шығарылып отырады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімділігін арттыру мақсатында өз ұсыныстарымды назарларыңызға салсам.

Елімізде жүргізіліп жатқан жұмыстың тиімділігін арттыру үшін бізде сыбайлас жемқорлықтың ауқымы жайлы толық мәлімет болуы керек. Ол үшін бірінші кезекте бұл қылмыстардың қатары нақты анықталуы тиіс. Бұл мәселеде ұлттық заңнамада бір олқылықтар бар сияқты. Мысалы, Қазақстан Республикасы ратификациялаған 2003 жылғы 31 қазандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясының 21-бабына сәйкес, әрбір оған қатысушы мемлекет экономикалық, қаржы немесе коммерциялық қызметтің барысында жасалатын мынадай әрекеттерді қылмыс деп тануы қажет: а) жеке сектор ұйымында оның жұмысына басшылық ететін немесе кез келген салада осындай ұйымда жұмыс істейтін кез-келген адамға өзі немесе делдалдар арқылы қандай да бір заңсыз басымдылыққа уәде беру, оны ұсыну немесе беру; b) жеке сектор ұйымында басшылық ететін немесе кез келген салада осындай ұйымда жұмыс істейтін адам, өзі немесе басқа адам үшін, өзінің міндеттерін бұза отырып, қандай да бір әрекет немесе әрекетсіздік жасауы мақсатында тікелей өзі немесе делдалдар арқылы қандай да бір заңсыз басымдылықты қорқытып алу немесе қабылдау.

Қысқаша айтқанда, бұл нормаларда жеке сектор ұйымдарында пара беру және пара алу қылмыстары көзделген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық заңнаманы алып қарасақ, Конвенцияда бекітілген қылмыстар сыбайлас жемқорлық қылмыстар болып табылмайды. Өйткені, жеке секторда пара алумен күресу үшін қабылданған Қылмыстық кодекстің 224 — «Заңсыз сыйақы алу» және 231 — «Коммерциялық сатып алу» баптары сыбайлас жемқорлық қылмыстардың қатарында жоқ (307-бап ескертулерінің 5-тармағы). Осы қылмыстар санатын анықтаған Қазақстан Республикасы Әділет министрі мен Бас прокурорының 1998 жылғы 16 қазандағы № 110 «Сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы» Бірлескен бұйрығында 224-бап, ал 2000 жылғы 5 маусымдағы № 27 осындай бұйрығында 224, 231- баптар бар еді. Бірақ соңынан Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 25 қыркүйектегі № 484-ІІ «Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Заңымен сыбайлас жемқорлық қылмыстардың тізімі Қылмыстық кодексте беріліп, оған 224, 231-баптар енбеді.

Сондықтан қазіргі таңда жоғарыда көрсетілген Конвенцияның талаптарымен ұлттық заңнаманы сәйкестендіру мақсатында сыбайлас жемқорлық қылмыстардың қатарын қайта қарау керек. Әрине, бұл қылмыстармен күресте қылмыстық-құқықтық шаралардың маңызы ерекше. Сөйтсе де, оларды болдырмауда, ал орын алған жағдайда, жасаған адамдарды жазалауда тәртіптік, әкімшілік және азаматтық жауаптылық шараларын да кеңінен қолданған жөн. Айталық, Қазақстан Республикасы Салық кодексінің және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының талаптарына сәйкес, кез келген мемлекеттік лауазым атқаратын адам және оның жұбайы (зайыбы) жыл сайын салық заңнамасында белгіленген тәртіппен тұрғылықты жері бойынша салық органына салық салу объектісі болып табылатын және Қазақстан Республикасының аумағындағы, одан тыс жерлердегі табыстары мен мүлкі туралы декларациялар тапсырып отыруы тиіс. Тәжірибеде көптеген мемлекеттік қызметшілер бұл міндетке атүсті қарайды. Олардың ойынша, 31 наурызға дейін декларацияны үстірт толтырып, салық органына тапсырса болғаны. Бұл мерзімнен кешігіп келетіндердің де саны аз емес.

Қолданыстағы заңнамада мұндай заң бұзушылықтар үшін қатаң шаралар көзделген. «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 27-бабына сәйкес, мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң өз табысы мен мүлкi туралы көрiнеу жалған мәлiмет беруi олардың мемлекеттiк қызметiн тоқтатуы үшiн негіз болып табылады. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 9-бабы 5-тармағына сәйкес, аталған адамдардың көрсетiлген мәлiмдемелер мен мәлiметтердi табыс етпеуi немесе толық, дұрыс табыс етпеуi, егер жасалған әрекетте қылмыстық жазаланатын әрекет¬тiң белгiлерi болмаса, оларды жұмыстан босатуға немесе мемлекеттiк және оған теңестiрiлген мiндеттердi атқарудан заңмен көзделген тәртiппен өзгедей босатуға әкеп соғады. Болашақта мемлекеттік қызметкерлер тек өздерінің табыстары ғана емес, үлкен шығыстары туралы декларация тапсыру әб¬ден мүмкін. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев 2008 жылы өткен «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы форумында шенеуніктер табысының қайнар көздеріне тиімді бақылау орнату және біртіндеп жалпыға бірдей табыстарды декларациялауды енгізу қажеттігін атап өтті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясында «Заңсыз баю» деп аталатын 20-бап қызықтырады.

Соған сәйкес, заңсыз баю, яғни жария лауазымды адамның активтерінің оның заңды табыстарынан елеулі түрде артып кетуді, егер ол ақылға қонымды ретпен оны негіздей алмаса, қылмыс ретінде танылады. Кейбір елдерде мұндай қылмыстар бар.

Аргентина Қылмыстық кодексінің 268/2-бабында заңсыз баю әрекеттерінің қылмыстылығы белгіленген: заңда қойылған талапқа жауап ретінде өзінің көлемі елеулі түрде артып кеткен мүліктік баюының шығу тегіне түсінік бермеген адам, егер бұл әрекеттер мемлекеттік лауазымда болған кезде не одан кеткен соң екі жыл арасындағы уақытта жасалған болса, қылмыстық жауаптылыққа тартылады. Расында да, күнделікті өмірде сондай жоғары жалақы алмайтын кейбір шенеуніктер қатарынан өздерінің табыстарының көлемімен үйлеспейтін шығыстар жасау фактілері аз емес. Әрине, бұл мемлекеттік қызметшілерге қымбат автокөліктер алуға және басқа да үлкен сатып алуларды жасауға мүлдем тыйым салынған дегенді білдірмейді. Ең негізгісі – олардың табыс көздерінің заңды болуына қол жеткізу керек. Бұл жерде салық органдары мемлекеттік органдардың кадр мәселелеріне жауапты бөлімдерімен және Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің басқармаларымен тығыз жұмыс жасауы қажет.

Сонымен қатар, жемқорлықпен күреске елімізде тиісті түрде көңіл бөлініп, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен реттеледі. Жемқорлықпен күресті жүзеге асыруға орай көптеген құжаттар қабылданған. Дегенмен, жемқорлықпен күрес саласының негізін қалаушы заң азаматтардың бостандығы мен құқықтарын қорғауға, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін жемқорлық негізінде туындайтын қауіптен сақтауға, мемлекеттік органдар мен мемлекеттік функцияларды атқаратын лауазымды және басқа да тұлғалардың тиімді жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» 18.11.2015 жылғы Заңы болып табылады. Аталған заң жемқорлықпен күрестің негізгі принциптерін, жемқорлықпен қатысты құқық бұзушылықтардың түрлерін және жауапкершіліктің пайда болу шарттарын анықтайды. Сондай-ақ, демократиялық бастаулардың, мемлекеттік бастаулардың өрістеуіне, мемлекетті басқарудағы жариялылық пен бақылауға, халықтың мемлекет пен оның құрылымдарына деген сенімін ұлғайтуға, білікті мамандардың мемлекеттік қызметке түсуіне ынталандыруға, мемлекеттік функцияларды атқаратын тұлғалардың жемқорлыққа жол бермеуіне жағдай жасауға бағытталған.

Жемқорлықты жою – еліміздің фундаменталды құндылығы – тәуелсіздігімізді нығайтатын негізгі шарттардың бірі. Азаматтық қоғамның барлық секторларымен, барлық мемлекеттік органдарымен, бизнес өкілдерімен ынтымақтастықта ғана осы мәселені шешіп, Қазақстанның гулденуіне жағдай жасай аламыз.

Қазіргі таңда бұл мәселеге еліміздегі мемлекеттік органдар өте үлкен көңіл бөледі. Елімізде жемқорлықпен күреске нақты қадамдар қолға алынуда. Барлық деңгейдегі депутаттардың, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың, ұлттық-мәдени орталықтардың, бизнес қауымдастығының, жастар ұйымдарының, ғылыми орта мен БАҚ қатысуымен қоғамдық кеңестер құрылған. Аталған шаралар жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыруға септігін тигізеді. Алайда жемқорлықпен күрес әлі өзекті мәселе болып отыр. Осы орайда, қоғамымыздың дамуы үшін аталған мәселемен күресте барлық Қазақстан Республикасының азаматтарының үлес қосуы тиіс.

Өзара сенім, жауапкершілік пен серіктестік негізінде мемлекет, қоғам және бизнес өкілдерінің бірігуі, қоғамдағы жемқорлыққа қарсы пікір мен құқықтық сананы қалыптастыру еліміздегі жемқорлық деген әлеуметтік мәселені жоятынына сенімдімін.

Сауле Жумагулова,

тәрбиеші, МҚКҚ «Балдырған» балалар бақшасы

Ескелді ауданы, Жетісу ауылы