Қазақ жері — қазақтың мəңгі мекені

Шығысымен батысына, теріскейі мен түстігіне атты адам айлап, жылдап жүретін, ұшқан құстың қанаты талатын осыншама кең даланы иеленіп, «егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалып, аттың жалында, түйенің қомында» ұрпақтан- ұрпаққа аманаттап келе жатқан ата-бабаларымыздың ерен ерліктері, ғасырлар бойғы тарих беттеріне өшпестей таңбаланып жазылды.

Ғасырлар тізбегіне көз жіберсек, ежелгі Сақ дəуірінен бері Қазақ болып қалыптасқанға дейін, асты-үсті байлыққа толы, дүние жүзінде тоғызыншы орын алатын ұлы даланың əр шаршысын көзінің қарашығындай сақтап, бүгінге дейін ие болып келген ҚАЗАҚ деген батыр халықтың ұрпағы болғанымызға ерекше мақтанамыз, жəне, оны келесі ұрпаққа аманаттап өткізу, бүгінгі жер иелері, біздердің ештеңемен өлшенбейтін басты борыштарымыз.

Тауында, тасында, сай-сала, қыр-бөктерлерінде, өзен-көлдерінде атабабаларымыздың ізі қалған, тері төгіліп, қаны тамған жанкешті ерліктерін ерекше сезінуіміз керек.Тарих беттерін парақтап ашып, зерделеп қарап отырсақ, жерімізге көз тіккен сыртқы жаулардың басқыншылықтары жүздеген жылдарға созылып, дүркін-дүркін қан төгіс соғыстардың болып тұрғанын білеміз. Соның бəрінде «Арым жанымның , жаным арымның садақасы, өмірім өз үйім — Жерім» үшін құрбан деп, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, ат үстінен түспей, мың өліп, мың тіріліп, соңында дұшпан аяғы қайта баспайтандай етіп тазалап кетті. Қылышынан қан тамған қызыл империяның бодандық құрсауынан босанып, ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы армандап өткен егемендігімізді алып, жеріміздің шекарасын шегендеп, бекітіп, айналамыздағы өрісі жақын өзге елдерге мойындатып құжаттап алғанымызға да ширек ғасыр өтті.

Десек те, Ұлы Абай:

«Сенбе ешкімге, тұрсада қанша мақтап,
Əуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Ақылың мен еңбегің екі жақтап»
— деп ескертіп кетпеді ме.

Бұл сөзімен «жау жоқ деме жар астында, дау жоқ деме, сай астында» дегенді меңзеп, сақ болыңдар, əр неге сақадай сай жүріңдер деп тұрғандай. Ол рас «Жаулығын жасырған болып, даулы үнін алты қырдан бері асырып» əр-əр тұстан жондарын күдірейткендер жоқ емес.

Қазақ жерінің қай түкпірінде, қай пұшпағында болмасын Халықтың қырағылығы, көрегендігі керек. Себебі, соңғы уақыттарда болып жатқан жағдайларға алаңдамауға болмайды. Не істеу керек? Сұраққа жауапты кім айтады?.Қандай жағдайда Жер мен Ел тыныштығын сақтаймыз? деген сұрақ əр қазақтың жүрек тұсында тұрары сөзсіз.

Ол үшін, шекарамыздың беріктігін бекемдеуіміз керек. Отан алдындағы жауынгерлік борыштарын атқарып, елдің шетінде, желдің өтінде, шекараның шегінде жүрген əкердегі балаларымызға дем берейік, рух берейік. Сонымен қатар, ең бастысы: оларға кез келген уақытта, əр минут, əр сағатта, əр өңірде, Елім, Жерім, Отаным деген əр-бір Қазақ баласы көмектесуге дайын болуға міндетті. ҚАЗАҚТЫҢ ЖЕРІ-ҚАЗАҚТЫҢ МƏҢГІ МЕКЕНІ. ОНЫ ҚОРҒАУ, БАРШАМЫЗДЫҢ БАСТЫ БОРЫШЫМЫЗ.

Ы.Жұмабек, капитан, Панфилов Шекара Басқармасы