Республика күніне орай Жетісу облысының ауылдарында бес медициналық нысан іске қосылды

Жетісу облысында Республика күніне орай бес бірдей медициналық нысан пайдалануға берілді. Соның арқасында жалпы саны 4 мыңнан асатын тұрғыны бар ауылдарда медициналық қызметке қол жеткізуге және сапасын жақсартуға мүмкіндік жасалды, -деп хабарлайды Жетісу облысының баспасөз қызметі.

Бүгін Ескелді ауданының Абай, Теректі және Қоржымбай ауылдарында блокты-модульді үш бірдей медициналық пункт ашылды. Аталған ауылдарда 1900-дей адам тұрады. Үш нысанның жалпы құны 105 млн теңге. Бұл медпункттерде акушер-гинекологтар, фельдшерлер жұыс істейді. Сол сияқты аудан орталығынан да мамандар арнайы келіп, тұрғындарға қызмет көрсететін болады.

Медпункттерді салуға екі айдан астам уақыт жұмсалды. Құрылыс-монтаж жұмыстарын «Integro ConstuctionKZ»ЖШС мердігер ұйымы жүргізді. Құрылысқа отандық өндірістегі металл құрылғылары мен сендвич панельдері қолданылды. Нысандар электрмен жылытылады, ыстық су тартылған, әжетхана ғимарат ішінде. Ғимарат жөндеуді қажет етпейді, 30 жылдан 50 жылға дейін кепілдік берілген. Осылайша блокты-модульды медпункттер ауыл тұрғындарына медициналық қызметтің қолжетімділігі мен қызмет көрсету сапасын арттыру мәселесін қысқа мерзім ішінде шешуге мүмкіндік берді. Мұндай құрылыстардың ерекшелігі – тез әрі сапалы салынады, жобалық-сметалық құжаттамалар дайындауды қажет етпейді, бұл өз кезегінде жобаның жалпы құнының тиімді болуына ықпал етеді.

Біз осындай жайлы да жаңа медпунктты жылдам салынып бітеді деп ойлаған жоқпыз. Бұрынғы ескі медпункт 1980 жылдары салынған болатын, пешпен жылытылды. Оған көмір, отын тасып, пеш жағуыма тура келетін. Суды да жылытатынбыз. Әжетхана сыртта болды. Қазір бұл мәселенің бәрі бірден шешімін тапты. Енді мен тікелей өз лауазымдық міндеттеріммен ғана айналысамын, — деді Абай ауылындағы медпункттің кіші медициналық қызметкері Ирина Орлова.

Модульді амбулатория Алакөл ауданындағы мыңнан астам адам тұратын Еңбекші ауылында да іске қосылды. Амбулатория қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған.Бір қабатты ғимараттың жалпы алаңы 110 шаршы метр, 7 кабинеті бар. Мұнда 8 тұрақты жұмыс орны ашылды. Құрылыстың жалпы құны 78 млн теңгені құрады. Құрылыс жұмыстарын «Qaz Damu Constuction» ЖШС атқарды.

Еске салсақ, жақын күндері Көксу ауданындағы мыңнан астам тұрғыны бар Жамбыл ауылында да осындай фельдшерлік-акушерлік пункт ашылған болатын.