«Танымдық оқиға» ізімен

Бүгінгі таңда заманымызға сай зерделі, ой- өрісі жоғары, жан-жақты дамыған ұрпақ қалыптастыру мемлекетіміздің алға қойған аса маңызды міндеті болып табылады. Тәрбие мен білімнің алғашқы дәні мектепке дейінгі тәрбие ошағында беріледі. Отбасында ата-ананың ықыласы мен мейірімінен нәр алған бала балабақшада тәрбиешілердің  шұғылалы шуағына бөленуі керек. Баланың бойындағы жақсы қасиеттері мен мүмкіндіктерін ашып, олардың өнегелі де тәрбиелі болып өсуіне, коммуникативтік-танымдық дағдыларын қалыптастыруға ойын әдісінің маңызы зор. Осындай ойын әдістерін бала бойына сіңіретін, инновациялық педагогикалық технологияларды қолданатын, ұлттық құндылықтарды бала бойына сіңіре алатын – ол тәрбиешілер.

Мектепке дейінгі жастағы баланың ойынға деген қызығушылығы, қарым-қатынасы, мінез-құлық көріністері олар өсіп-есейгенде де жалғаса береді. Ойын барысында бала өзінің сүйікті әңгімелеріндегі кейіпкерлері сияқты өмір сүреді, үлкендер сияқты әрекет жасайды. Ойынды қолданумен бірге ойлауға, есте сақтауға, тілді дамытуға, шығармашылық әрекетін байытуға бағыт алады. Бала ойын арқылы бір әрекеттен екінші әрекетке ауыса отырып, өзіне түрлі ақпараттар алады, дүние сырын ашады.

Бала бойындағы жағымсыз қылықтарды ойын арқылы тәрбиелейміз.

Балабақшада балалармен ойын бұрышында «Сән салоны», «Дүкенші», «Шаштараз», «Дәрігер» т.б. сюжеттік ойын түрлері ойнатылады. Осындай ойын барысында балабақшамыздың тәрбиеленушісі Ануар Ақнұрдың танымдық қызығушылығы артты. Акнұр – балабақшадағы қабілетті балалардың бірі, жасы төртте. Оның ерекшелігін «Сөйлеуді дамыту» оқу қызметінде «Мамандықтың бәрі жақсы» тақырыбында, ойын кезінде өзін ересек адам секілді ұстайтындығынан байқадым. Өзгелерге ас ішер алдында, астан кейін қол жуу керектігін, рұқсатсыз өзгенің затын алуға болмайтынын, асты шашпай ішу керектігін тобындағы достарына үйретіп жататындығына сүйсіне қарайтынмын. Небәрі төртте болса да, тазалық, әдептілік секілді қасиеттерді бойына сіңіріп үлгерген. Топтағы қыздардың шашын, қуыршақтың шашын сәндеп, әдемі көйлектерді түрлі әшекейлермен байланыстыра білетіндігі бей-жай қалдырмады. Оқу қызметі аяқталып, балалар еркін ойынға кірісіп кеткен болатын. Ақнұрды шақырып алып, қызығушылығын ары қарай дамыту оймен қуыршақты басқаша киіндіру үлгісін шығаруды ұсындым. Ол бірден келісе кетті. Ең алдымен, қуыршаққа қызыл түсті көйлек, аяғына ақ түсті аяқ киім, басына қызыл түсті бас киім, қолына ақ түсті сөмке ұстатты. Қолына қызылтым білезік-моншақ тақты. Түстерді үйлестіре білетін қабілеті бірден байқалды. «Акнұр, сен неге мына көк сөмкені ұстатпайсың?» — дедім. Акнұр: «Ол сөмке үйлеспей тұр, ал мына сөмке өте әдемі үйлесіп тұр,» — деп, ақ сөмкені көрсетті.

Келесі күні тағы да бақылап көрмек болып, далаға шығуға ұсыныс жасадым. Ол шкафта тұрған киімдерінің ішінен күртешесін, күзгі аяқкиімін және джинсы шалбарын алды. Спорттық үлгідегі шалбарды емес, күртешеге дәл үйлесетін джинсыны таңдады. Менің екі күндік зерттеуімнің мақсаты бала бойындағы шығармашылыққа деген қабілеттің бар-жоғын анықтау болатын. Мақсатым орындалды. Оның болашақта дизайнер, архитектор секілді мамандық иесі бола алатындығын байқаған едім. Нәзік талғамы мен өз жанының қалауы – сұлулық. Зерттеу жұмыстарын жүргізген соң, Акнұр өзі де білмейтін қабілетін ашуға көмек керектігін түсіндім. Сондықтан, қолына қалам беріп, сұлу, кішкентай қыздардың суреттегі киімдерін бояуын өтіндім. Бояу кезінде өзін қалай ұстайтындығына назар аударуға тырыстым. Жүзіне әп-сәттен-ақ күлкі үйіріліп, асқан қызығушылықпен қолына қаламдарын алды. Әдетте, төрт жасар балалар әдемілік туралы білмейтін, сән туралы біле бермейтін. Ал Акнұр болса, соңғы сән үлгілерінің талаптарын білетін жандай киімдерін жоғары талғаммен бояй білді.

Шығармашыл, ізденімпаз балалармен дербес қарым-қатынасқа түсе білетін педагог қана заман талабына сай қоғам азаматының алғы шартын қалыптастыра алады. Сол себепті педагогтардың кәсіби құзыреттілігі – ұйымдастырушылық, құрастырушылық, зерттеушілік қабілеттері зерделенеді.

Кеңестік педагог А.С.Макаренко: “Баланың ойынға деген құмарлығы бар, сол құмарлықты қанағаттандыра білуіміз керек. Ойнау үшін тек қана уақытты бөліп қана қоймай, сонымен бірге баланың барлық өміріне ойынды бере және сіңіре білуіміз қажет. Оның барлық өмірі ойыннан тұрады,” – деген пікірін өз еңбектерінде атап өткен.

Ойын – балалар үшін күрделі әрекет. Ол білімді, ақылды, ұйымдастыруды қажет етеді. Мектеп жасына дейінгі балалардың зейіні тұрақсыз болады. Оларды біркелкі жұмыс тез жалықтырады. Сондықтан олардың зейінін үнемі қажетті бағытқа аудару үшін ойын түрінде жүргізу қажет. Өйткені ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде алған білімді ойынмен тиянақтау білімнің беріктігіне негіз қалайды.

Қорыта келгенде, болашақ тәрбиешілерді кәсіби әрекетке даярлау аса көкейкесті, кезек күттірмейтін өткір мәселе екендігін айғақтайды. Сөз соңын «Ісіңізге, оқуыңызға, еңбегіңізге нағыз адамгершілікпен кіріссеңіз, сөз жоқ, жеңіске жетесіздер,» – деген Қаныш Сәтпаевтың сөзімен аяқтағым келеді.

Гүлнар Балтабаева,

«Балдәурен» балалар бақшасы тәрбиешісі