Тілге құрмет – елге құрмет

Бүгінгі таңда көпұлтты мемлекетіміздің алдында тұрған ұлы міндет –  біріншіден, біртұтас білім кеңістігін қалыптастыру болса, екіншіден, халықтық педагогиканы оқыту үдерісіне пайдалана отырып, ұлттық тәрбие беруде жеткіншектерге ана тілі мен әдебиетін, туған халқының тарихы мен өнерін қастерлеп, салт-дәстүрін меңгерту қажеттілігі.

Халқымыздың ұлттық педагогикасының ұрпақ тәрбиесінде алатын орны ерекше. Оқу үрдісіндегі ұлттық құндылықты, халқымыздың үлгі тұтатын қағидаларын ұсынып отыру арқылы баланың жас ерекшелігіне сай таным мүмкіндігін ескере отырып, тәрбелеу-оқыту мазмұнын ұлттық құндылықтарға бағыттап отырудың маңызы зор. Осындай ізденудің нәтижесінде балалар жастайынан ұлттың тарихын, мәдениетін игеріп, ол туралы теориялық түсінігі қалыптасып тәрбиеленеді. Сонымен қатар, баланы шығармашылық іс-әрекетке бейімдеуге, тілінің дамуына, денсаулығын сақтау, салауатты өмір сүру, қол еңбегіне үйренуі, өз бетінше ізденіп оқуға, еңбек етуге, қоғамдық жұмысқа белсене араласуына, алған білімін күнделікті өмірде қолдана білуіне тәрбиелей отырып, білім берудемін. Себебі халқымыз «Баланы жастан» деп көргенді ұл, өнегелі қыз өсіруді, «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат тәрбиелеуді мақсат еткен. Үлкендердің қабағынан, бір ауыз сөзінен, жұмбақ, жорамалынан өмірдің сырын, істің мән – жайын түсінетін сезімталдыққа, аңғарымпаздыққа баулыған.

Балабақшадағы бала қазақ тілін меңгеру барысында тілдік қатынастың аса маңызды түрі – ауызша сөйлеуді үйренеді. Ол сөздерді байланыстырып айту арқасында жүзеге асады. Сөздің байланысты айтылуы баланың тілдік және ақыл-ой дамуымен біртұтас жүреді. Мектепке дейінгі шақта бала тілі икемді келеді, сол себепті де сәбилермен жүргізілетін жаттығу түрлері де әр алуан. Балалардың жас ерекшеліктеріне қарай топтары үлкейген сайын тіл дыбыстарын айтып үйренуге арналған жұмыс түрлері біртіндеп күрделене береді. Дыбыстардың ерекшелігін жете меңгеріп, дұрыс айтуға жаттықтыру, тілдерін дамыту сабақтарында ғана емес, музыка, дене шынықтыру ұйымдастырылған іс-әрекеттерінде де, күннің екінші жартысында да балаларға ана тілінде өлеңдер, тақпақтар, көркем сөздер жаттатып, үйретемін.

Тіл үйретуде ең басты міндет – балалардың коммуникативтік дағдыларын жетілдіру. Сондықтан сөздік қорды дамытуға бағытталған әдістердің жалпы міндеті – сөздің мағынасын дұрыс түсініп, оны өз сөзінде дұрыс қолдану. Заман талабына сай инновациялық әдіс-тәсілдерді қолданып, өзімнің әдістемелік қорымды жаңартып, толықтырып отырамын. М.Монтессори педагогикасын, халық педагогикасын, ТРИЗ технологиясын, дамытушылық ойын түрлерін пайдалана отырып, баланың сөздік қорын байытуға тырысамын.

Тіл үйретуде ең басты міндет – балалардың сөйлеу тілін жетілдіру. Сөздік қорды дамытуға бағытталған әдістердің жалпы міндеті – сөздің мағынасын дұрыс түсініп, оны тілдік қарым-қатынаста дұрыс қолдану. Сол әдістерді ұсынып отырмын.

Түсіндіру әдіс – жаңа сөз, сөз тіркесі, сөйлемдерді түсіндіруде қолданады. Күнделікті баламен қарым-қатынаста баланың сөздік қорына жаңа сөздер енгізу арқылы сөздік жұмысында іске асады.

Көрнекілік әдіс – күнделікті режимдік сәттердегі жұмыстарды қолданылатын әдіс. Тілді үйретуде ең нәтижелі және жиі қолданылады. Балаларға түрлі суреттер мен заттарды, ойыншықтарды көрсету арқылы сөздерді үйретуге болады. Көрнекілік тақырыпқа сай, көзге тартымды, яғни эстетикалық жағынан жақсы, ірі, әр түрлі түстен болуы керек.

Мысалы: «Ұлттық киімдер» тақырыбын өткен кезде киімдердің суретін көрсету арқылы немесе кәдімгі киімдерді көрсету арқылы жүзеге асырып отырамын. Сондай-ақ әр түрлі тірек кестелер және таблицалармен сөздерді, сөз тіркестерін үйретуге болады.

Ұлттық тәрбие беру мақсатында көрнекіліктер ретінде киіз үй, үй жиһаздар, ұлттық киімдер, зергерлік бұйымдарды пайдаланамын. Жас ұрпақ санасына  туған халқына деген құрмет, сүйіспеншілік, мақтаныш сезімдерін ұялату, ұлттық рухын дамыту, оның тарихын мәдениетін, өнерін, ана тілін, салт – дәстүрін рухани мұраларды қастерлеуге баулимын.

Ы.Алтынсарин көрнекілік әдіс туралы былай деген: «Балаға айтып түсіндіргеннен гөрі, қолымен ұстатып, көзімен көріп, мұрынмен иіскетіп түсіндірген сабақ ұғымды» деген. Мысалы: «алма» сөзін алманы көрсету арқылы ұғындырамыз. Бұл әдіс жеміс-жидектер, оқу құралдары, ойыншықтар, тағамдар тақырыптарында жүзеге асады. Мысалы бала екі себетке көкөністер мен жеміс-жидектерді бөліп салуа отырып, әңгімелеп береді. Бала жемістердің, көкөністердің атауын еске түсіріп атап шығады. Дәл осылай басқа тақырыптарды да қозғауға болады. Мысалы: Кеше күн қандай болды? Бүгін күн қандай? Бала білгенін айтқан шағын сөйлемдер арқылы жеткізеді. Диалогтық сөйлеу балалардың анық және мәнерлі сөйлеуін қамтамасыз етеді. Сондықтан ұйымдастырылған іс-әрекеттерде сюжетті мазмұнды ойынды пайдалануға болады. Мысалы жемістер – көкөністер тақырыбына байланысты «Дүкен» ойынын ойнатуға болады. Үстел үстіне жемістердің муляждарын «сатуға» қойып ойнау кезінде бала дүкенге кіріп амандасады, «сатушымен» тілдік қарым-қатынасқа түседі. «Маған алма беріңізші.» «Қандай алма аласыз?» (түстерді ажырата білу). Мынау ащы, тәтті деген сөздер сөйлемде қолданылады.

Осы тақырыпқа байланысты мынадай ойындар өткізуге болады: «Дәмін ажырат», «Не артық?», «Суретіне қарап әңгімеле», «Сөз ойла, тез ойла», «Қанша жеміс көрдің, сонша рет қол шапалақта». Балалардың назарын бақылау үшін кез келген сөзге емес, тек қана жемістердің атауын естігенде шапалақтау, жұмбақ жасыру, мысалы «Түсі қызыл, сары, пішіні дөңгелек, дәмі тәтті, өзі ағашта өседі. Бұл не?» деген сияқты. 

Қорыта айтқанда, қазақ тілі – ғажап тіл, оның болашағы да ғажап. Тек оны насихаттай білуіміз керек, оқыта білуіміз керек. Қазіргі таңда білім беру жүйесінің барлық сатыларының алдында тұрған көкейкесті мәселелердің бірі – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру. «Ана тіліне қамқорлық, ең алдымен, сол тілде сөйлейтін халыққа жүктеледі» демекші, менің парызым – балабақшадағы балалардың бойына өз ана тіліне деген сүйіспеншілікті дарыту. Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны. Тілдің мәртебесі – елдің мерейі. Оның мерейін асыратын да, құтын қашыратында өзіміз. Осыны ұмытпауымыз керек.

А.К.Курмангалиева,

«Балдәурен» балалар бақшасы  МКҚК

Тәрбиешісі,

 Ескелді ауданы, Қарабұлақ кенті