Қазақ тілі – қазақтың жаны

Бүгінгі қоғамда заң, құқық қорғау органдарында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру өзекті тақырып. Сондықтан бұл бағытта кешенді жұмыс атқарылып жатыр. Сот жүйесінің қызметкерлері қазақ тілін еркін меңгеріп қана қоймай , заң талаптары мен жаңа нұсқаулықтармен танысып, сот істерін мемлекеттік тілде қарап, іс-қағаздарын сауатты жүргізуді дұрыс жолға қойған.

Еліміздің Конституциясында «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп анық жазылған. Тіл – қазақ халқы пайда болғаннан бері бірге жасасып, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан ұлттық құндылығымыз, біртұтас ұлт екеніміздің айғағы, баға жетпес асыл қазынамыз. Өзіндік мінез құлқымызды, салт-дәстүріміз бен табиғи болмысымызды осы ана тіліміз ғана айшықтап тұрады. Ендеше туған елге, жерге деген сүйіспеншілік, патриоттық сезім өз ана тіліңде еркін сөйлеп, оны шексіз сүйуден басталады.

Қазақ тілін білу, оған құрметпен қарап, қадірлеу – еліміздің әрбір азаматының қасиетті парызы. Әрине тіл мәселесіне келгенде, бұл уақытқа дейін туындаған түйіткілді мәселелер жоқ емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тіл мәселесіне ерекше көңіл аударып, «Қазақ тілі – қазақтың жаны» екенін және «Халқымыздың тарихы да тағдыры да – тілінде» деп баса айтты. Сол себепті Мемлекет басшысы болашағын Қазақстанмен байланыстырған әрбір ел азаматы қазірден бастап қазақ тілін оқып үйренуге ден қойуы керектігін алға тартты. Халқымыз замана көшінен қалып қойған жұрт емес. Әлем елдерімен иық тірестіріп, тәуелсіздік көгінде еркін самғап келеді. Сондықтан ұлттық, рухани және мәдени құндылықтарымызды дамытып, көзің қарашығындай сақтауға сүбелі үлес қосуға ат салысуымыз қажет.

Баршамызды мемлекеттік  тілдің кең қанат жайып, өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбектенуге шақыратын ортақ мүдде біріктіреді. Ендеше жүрегі қазақ деп соққан әрбір азамат, осы жолда өз ар-ожданы алдында адал, жалпының игілігін көздеген мақсатына берік болу қажет. Сонда ғана қазақ тілінің көсегесі көгеретіні анық.

Меруерт АЛКУАТОВА

Ескелді аудандық сотының

бас маманы- сот отырысының хатшысы