БҰРХАН-БҰЛАҚТЫҢ ТАРИХЫ

«Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз», — деп Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап көрсеткеннен бастап, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» ауқымды жобасы қолға алынып отыр.

Қазақ даласы әр кезде өзінің әсем табиғатымен, биік тауларымен, көз жетпес жазықтарымен ерекше тәнті қылады. Алайда, оның қойнауы тек қазба байлықтарға емес, түрлі-түрлі әлі толықтай ашылмаған сырларға толы. Сыр деп айтуымның себебі, кең байтақ жеріміздің әр аймағына орналасқан тарихи жәдігерлер, беймәлім құбылыстар орын алатын киелі мекендердің құпиясы әлі толық ашылмаған. Бірақ олардың расымен де ерекше маңызға, немесе қандай да бір қасиетке ие екені белгілі.

Мысалы, Орта Азиядағы ең ірі сарқырамалардың бірі – Бұрхан-Бұлақ. Оған қатысты аңыздарға сенсек, Бұрхан анасының жалғыз ұлы болады. Бауыр еті баласын анасы өз өмірінен қатты жақсы көрген екен. Әрбір ана сияқты ол да ұлының шаңырағына жақсы келін әкелуін армандаған дейді. Бұрхан ер жетіп, Қора есімді өзімшіл қызға ғашық болады. Сөйтіп, ұлының таңдауын еш жақтыртпаған анасы үлкен сарай салдыртып, баласын қамап тастайды. Махаббаттың құдіреті сарайдың қабырғаларынан күшті болып, қамаудан босап шығады. Сөйтіп, өзінің суларын Қорамен түйістіріп, бірге аға бастайды. Ал анасы болса, оны жоқтаумен өтеді екен. Бұрхан-Бұлақ сарқырамасының жанындағы «Ананың көз жасы» деген бұлақтың атауы осыдан шыққан екен.

Сарқырама Алматы облысының Текелі қаласынан жоғары орналасқан. Қора тау өзені құздан ағып, жалпы 168 метр биіктікті құрайтын, сарқырама құраған, оның көзге көрінер үш сатысы – 112 метрді құрайды екен. Өзіне тән сұлу табиғаты бар. Жоңғар Алатауындағы Тышқан жотасының оңтүстік беткейінен басталып, Жаркент қаласының тұсында Үсек өзеніне құяды. Жалпы, Жоңғар Алатауының табиғаты таңғажайып, адам баласының қолы мүлде тимеген, сол қалпында сақталған жерлер мұнда соншалық көп. Сирек кездесетін шөптердің сан түрлерін, Тянь-Шань шыршаларын, тек қана осы жерден кездестіруге болады.

Әрбір қазақ баласы өзі тұрып жатқан өлкесінің тарихымен танысып, киелі жерлерді дәріптеуі қажет. Сондықтан да осы Бурхан-Бұлақты да, атауының шығу тарихын да өзгелерге баяндап жүрейік.

Ақбота ЖАСҰЛАНҚЫЗЫ.