
Дауыс беру сайлау күні, сайлау учаскесіндегі дауыс беруге арналған үй-жайда жергілікті уақыт бойынша сағат жетіден жиырмаға дейін өткізіледі.
Сайлаушы өзі дауыс береді. сайлауда дауыс құқығын басқа біреуге беруге және сол сияқты басқа адам үшін дауыс беруге жол берілмейді.
Дауыс беруге арналған бюллетеньдер сізге сайлаушылар тізімінің негізінде қазақстан республикасы азаматының төлқұжатын немесе жеке куәлігіңізді көрсеткен кезде беріледі.
Сіз сайлаушылар тізімінде бюллетеньдерді алғандығыңыз туралы қол қоясыз.
Сайлау бюллетеньдерін сайлаушы жасырын дауыс беруге арналған кабинада толтырады. оларды толтыру кезінде сізден басқа кімнің болса да, кіріп тұруына тыйым салынады.
Егер сіздің бюллетеньдерді өз бетіңізше толтыруға мүмкіндігіңіз болмаған жағдайда, өзіңіз сенетін адамның көмегін пайдалануға құқылысыз, оның аты-жөні дауыс бергеннен кейін сайлаушылардың тізіміне тіркеліп, тұсына сіздің бюллетень алғандығыңыз туралы қолыңыз қойылады. мыналар ондай адам болуға тиіс емес:
- сайлау комиссиясының мүшесі;
- жергілікті өкілді немесе атқарушы органның лауазымды адамы;
- кандидаттың немесе саяси партияның сенім білдірілген адамы;
- бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі — журналист;
- тиісті сайлау комиссиясында тіркелген байқаушы.