Отандық тауар өндірушілер мен кәсіпкерлер тауарларды таңбалауды енгізу мәселесін талқылады

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жұмыс кездесуінде тауарларды таңбалаудың пилоттық жобаларын енгізу процесінде туындайтын негізгі мәселелер талқыланды. 

Бизнес өкілдерінен «Атамекен» ҰКП, аяқ киімнің бөлшек және көтерме сауда импорттаушылар қауымдастығының, алкогольсіз сусындар мен шырын өндірушілерінің, «ФармМедИндустрия Қазақстан» фармацевтикалық және медициналық өнімдерін өндірушілердің, жеңіл өнеркәсіп өндірушілерінің өкілдері сөз сөйледі. Сондай-ақ кеңеске мүдделі мемлекеттік органдардың, «Қазақтелеком» АҚ Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторының басшылары қатысты.

Бірыңғай оператордың мәліметінше, Қазақстанда міндетті таңбалау енгізілген сәттен бастап бүгінгі күнге дейін 69,1 мың табиғи жүннен жасалған бұйым, 3,3 млрд темекі өнімі, 102,4 млн аяқ киім тауары таңбаланған. 

Жобаны іске асыру процесін тежейтін бірқатар маңызды тұстар да бар. Бизнестің мәліметі бойынша, бұл негізінен ақпараттық таңбалау жүйесінің техникалық проблемалары мен кемшіліктері. Бұған қарамастан, отандық аяқ киім өндірушілерінің өкілдері тауарларды міндетті түрде таңбалауды бизнестің мүдделеріне сай деп санайды. 

«Отандық бизнес өкілдері ретінде біз тауарларды міндетті түрде таңбалауды қолдаймыз, өйткені бұл отандық өндірушінің мүдделерін қолдайды, бәсекелестік үшін тең жағдай жасайды. Егер техникалық проблемалар болса, оларды шешу керек. Біз таңбалау жүйесін енгізу процесіне қатысуға дайынбыз», — деді «Qaz Textile Industry» жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының ұлттық бірлестігінің өкілі Анар Қайыржанова. 

Тауарларды көтерме және бөлшек импорттаушылар тарапынан да көп мәселе көтерілді. Inditex компаниялар тобының өкілі Антон Сердаридидің айтуынша, бүгінгі күні тауарлардың ұлттық каталогы мен GS1-Kazakhstan жүйесі арасында интеграция жоқ, таңбаланған тауарды сату кезінде кеден қоймаларында, электрондық коммерцияда таңбалау кодтарын енгізу бойынша проблемалар бар. Аяқ киімнің бөлшек және көтерме саудасын импорттаушылар қауымдастығының өкілі Айнұр Қайдарованың айтуынша, таңбалау процесін енгізу тауардың қымбаттауына, соның салдарынан аяқ киімді бөлшек саудада сатушылар санының азаюына әкеп соғады.

Алкогольсіз сусындар мен шырын өндірушілерінің атынан сөз сөйлеген Әлия Мамытбаеваның айтуынша, алкогольсіз сусындар – пайда сатылым көлемінен түсетін төмен баға нарығы. Контрафактілік өнімдерді жасау тиімсіз. Өнімнің өзіндік құны төмен екенін ескерсек, оны таңбалау құны тым жоғары.

Сондай-ақ «ФармМедИндустрия Қазақстан» фармацевтикалық және медициналық өнімдерді өндірушілер қауымдастығы шетелдік өндірушілерді тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесінде тіркеуге, таңбаланған дәрілік заттарды таратуға қатысты мәселелер барын  айтты. .

«Тауарларды таңбалау жобасын енгізудің негізгі міндеті – тауарлардың еркін және заңды айналымын, ашықтығын қамтамасыз ету. Біз мүдделі қатысушылармен әрбір тауар тобы бойынша барлық мәселелерді қарауымыз керек. 3 аптадан кейін тағы да кездесеміз», — деп түйіндеді Серік Жұманғарин.

Анықтама: Қазақстанда көлеңкелі нарыққа қарсы күрес құралы ретінде тауарларды цифрлық таңбалау және қадағалау 2018 жылы басталды. 2022 жылғы 4 қазандағы жағдай бойынша 4 тауар тобы бойынша міндетті таңбалау енгізілді: үлбір және темекі бұйымдары, аяқ киім, дәрілік заттар. Құрамында қанты бар қапталған сусындар мен зергерлік бұйымдарды таңбалау бойынша пилоттық жобалар іске асырылып жатыр. 

primeminister.kz