Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы аясында бірлескен командалық-штабтық оқу-жаттығу өтті

Жамбыл облысының «Мәтібұлақ» полигонында өткен бірлескен жаттығуға ҰҚШҰ-ның Ұжымдық жедел ден қою күштерінің басшылығы мен штабы жұмылдырылды.

Ұжымдық жедел ден қою күштері басшылығының құрамына Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан Қарулы күштерінің өкілдері кіреді. Оған жетекшілік ету міндеті Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары полковник Бауыржан Артықовқа жүктелген.

Бірлескен командалық-штабтық оқу-жаттығу кезінде Жедел ден қою ұжымдық күштері басшысы орынбасарларының баяндамалары тыңдалды. Олар әскери контингенттердің құрамы, жай-күйі, қамтамасыз етілуі мен жауынгерлік мүмкіндіктері туралы баяндады.

Бұл жедел ден қою күштерінің басты міндеті – бірлескен операция кезінде әскери басқару органдарының іс-қимылын үйлесімді ұйымдастыру.

Сондай-ақ, оқу-жаттығу барысында штаб орын алған жағдайға байланысты әскерлердің бірыңғай тобының орындайтын тапсырмалар кешенінің алгоритмін әзірледі.

Орталық Азия өңіріндегі ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған оқу-жаттығу 26 қыркүйектен бастап өтіп жатқанын естеріңізге сала кетейік. Оларға ҰҚШҰ-ның Жедел ден қою ұжымдық күштерінің маневрлерін көрсететін «Өзара іс-қимыл-2022», барлау күштері мен құралдары жұмылдырылған  «Іздеу – 2022» арнайы оқу-жаттығуы және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімшелері қатысатын «Эшелон-2022» кіреді. Бұл оқу-жаттығулардың нағыз тартысты кезі 6-7 қазанда өтеді.

ҚР ҚМ