Ағымдағы жылдың 29 қыркүйек күні «AMANAT» партиясы Ескелді аудандық филиалының ХХХІІІ кезектен тыс Конференциясы өтті

Күн тәртібінде, «AMANAT» партиясының Саяси тұғырнамасының жобасын талқыланып, «AMANAT» партиясы Жетісу аймақтық филиалының конференциясына делегаттар сайланды.

«AMANAT» партиясының жаңа Саяси тұғырнамасы ағымдағы жылдың наурыз айында басталған толық ауқымды партиялық трансформацияның бір бөлігі болып табылады.

Тұғырнамада Қазақстанның басты қоғамдық күшінің болашаққа деген көзқарасы, даму бағдарлары, ұстанымдары мен саяси мақсаттары қамтылған.

Тұғырнама елімізде болып жатқан өзгерістерге «AMANAT» партиясының жауабы ретіндегі негізгі идеологиялық құжат.

Саяси тұғырнама партия мүшелері, депутаттар, сарапшылар, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, азаматтық белсенділер қатысып бірлесе талқылаған пікірталастың нәтижесінде пайда болды.

Құжатты әзірлеу үшін арнайы Жұмыс тобы құрылды. Партияның жаңа Саяси тұғырнамасының жобасын талқылау жөніндегі Жұмыс тобының отырыстары республикалық және өңірлік деңгейде Астана қаласында партия Төрағасы Е.Ж. Қошановтың жетекшілігімен, сондай-ақ Алматы қаласында сарапшылық отырыста талқыланды.

Барлық өңірлерден ұсыныстар жинау және әлеуметтік сауалнама жүргізу арқылы әр партия мүшесіне құжатқа қатысты өз пікірін айтуға мүмкіндік берілді.

Әлеуметтік сауалнамаға 17 облыс пен Астана, Алматы, Шымкент қалаларыннан 18 және одан жоғары жастағы 42 859 партия мүшесі қатысты. Партия мүшелері 1 000-нан астам бастама жолдады.

Жаңа Саяси тұғырнаманың негізгі ерекшеліктері:

Біріншіден, құжатты әзірлеу және жазу алғаш рет толығымен қазақ тілінде жүргізілді;

Екіншіден, тұғырнама Адам – Қоғам – Мемлекет қағидасы бойынша құрылған, мұнда әрбір азаматтың әл-ауқаты басты назарға алынған;

Үшіншіден, әзірлеу және талқылау қатардағы партия мүшесінен бастап партияның орталық аппаратына дейінгі барлық деңгейде жүргізілді;

Төртіншіден, нақты мәселелі сұрақтар және оларды шешу жолдары қарастырылған;

Бесіншіден, халқымыздың көрнекті тарихи тұлғалары мен зиялы қауым өкілдерінің ой-пікірлері мен көзқарастары көрініс тапқан.

Тәуелсіздік – баға жетпес байлық, оны біз көздің қарашығындай сақтап, қорғауымыз керек деген тезис тұғырнамада басты орынға қойылған.

Мадина Оразбаева, «AMANAT» партиясы Ескелді аудандық филиалының эксперті