Тәуелсіздік тірегі — мемлекеттік тіл

Тіл-ең ұлы қару. Тіл-ең асыл құндылық. Тіл-бүкіл бір халықтың жүрегі, ұлттың жаны. Оның бойында ұлттық болмыс, ұлттық рух, дәстүр мен салт жатыр. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің осындай қасиетті мұрамыз, ана тіліміз — қазақ тілі.

«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы –тіл»,— деп айтқан Ахмет Байтұрсынұлының ұлағатты сөзін ескермей кету мүмкін емес.  Демек, біздің міндетіміз –қазақ тілінің мәртебесін асқақтатып, асыру болмақ. Осы тұста мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мен тілге деген құрметті арттыру мақсатында — 2022 жылдың 5 қыркүйек күні Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Қазақстан халқы тілдер күні және ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай «Тіл мәртебесі-ел мәртебесі» атты мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдерінің арасында байқау өтті.

Бұл байқауға Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы  Ескелді аудандық филиалының оқытушысы Бекбосын Назгүл Жұмаханқызының жетекшілігімен  А1 қарапайым деңгейінің тыңдаушысы Артюхова Екатерина қатысты. Әр кезең бойынша өнері мен білімін көрсетіп, алғыс хатпен марапатталып, 25 мың теңге ақшалай ынталандыру сыйлығына ие болды.

Өз тілін сүйе отырып, өзге тілге құрмет білдіріп, мемлекеттік тілді жетік меңгергені үшін Артюхова Екатеринаға өз ризашылығымызды білдіреміз.

Ә.Жұматаева, «Алматы облысының  «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы» КММ Ескелді аудандық филиалының меңгерушісі.