Алты алаштан сөз оздырған» атты әдеби-сазды кеш

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ақын, публицист, ағартушы Ғали Ормановтың туғанына 115 жыл толуына орай «Алты алаштан сөз оздырған» атты әдеби-сазды кеш өтті. Жетісу облысының әкімі Исабаев Бейбіт Өксікбайұлы  құттықтады.

 «Биыл ардақты ақын, аудармашы, ағартушы журналист Ғали Ормановтың туғанына 115 жыл толды. Осыған орай елорданың төрінде ұйымдастырылып отырған көрнекті кештің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!

Жетісудағы Ешкіөлмес тауының баурайында дүниеге келіп, дүйім халықтың парасатты перзентіне айналған өнер иесінің рухани мұрасы — баршаға ортақ қазына. Ақынның лирикалық поэзиясы, отаншылдық рухтағы жырлары, көркем аудармадағы шеберлігі, жыршы, жырау Жамбыл Жабаевтың шығармашылығындағы рөлі, журналистік жолы — жалпы қазақ руханиятына қосқан үлесінің қай-қайсысы да жеке дара бөліп айтуға лайық ересен еңбек.

Биылғы мерейлі жыл аясында облыс әкімдігі Ғали Ормановтың Лев Толстойдан аударған «Анна Каренина» романының 2 томдығын басып шығаруға қолдау көрсетіп отыр. Бұл қазақ әдебиетіне, ақынның шығармашылық жолын насихаттауға қосқан азғантай үлес болмақ. Бүгінгі кеш осы ғибратты бастамалардың жалғасы деп білемін.

Ормановтанудағытың талпыныстар кең арнаға, даңғыл жолға ұласа берсін! Ақынның мерейтойы құтты болсын!» — деп атап өтті  Бейбіт Исабаев

Іс-шараның басты мақсаты ақын, публицист, ағартушы Ғали Ормановтың шығармашылығымен кеңінен танысу және ғибратты ғұмырынан өнеге алу.

Әдеби кеште медицина ғылымдарының докторы, профессор Шайсұлтан Кенжебек және ұстаз, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері  Жанат Тұрысбекқызы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері,  әнші Арайлым Рахимқызы «Бекзатым-ай» халық әнін шырқады.  Сонымен қатар, Қазақстан радиосының «Алтын дауыс» иегері Манай Ғылымқал, әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғылыми қызметкері Карибжанова Гүлназ Төкенқызы,ақпарат саласының үздігі, Қазақ радиосының ардагер-дикторы Молдахметова Күләш Кәйләнқызы, Ғали Орманов атындағы №7 мектеп-гимназия оқушылары, сондай-ақ ақынның жиен немересі Қырықбаев Айдар жәнешығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.

 Ғали Орманов 1907 жылы 15 тамызда Алматы облысы Қапал ауданы Қызыл жұлдыз ауылында дүниеге келген. Ақын 1929 – 60 жылдар аралығында Іле ауданы оқу бөлімінің меңгерушісі, «Социалистік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, Жамбыл ақынның әдеби хатшысы, «Майдан» альманағының редакторы, «Әдебиет және искусство» журналының жауапты редакторы, Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, секция меңгерушісі қызметтерін атқарған. Тұңғыш өлеңдер жинағы “Шеңбер” деген атпен 1934 жылы жарық көрді. 1934 жылы «Шәуілдір», 1935 жылы «Алынған қамал» дастандары,  1935 жылы «Көтерме» атты прозалық жинағы, 1936 жылы «Абысын сыры» жыр кітабы жарыққа шықты. 1941 жылы «Халық – қаһарман», 1944 жылы «Емен» атты жыр кітаптарында соғыстың ауыртпалығын, жауынгерлердің Отанға деген сүйіспеншілігі жолындағы ерліктерін, тылдағы тынымсыз еңбекті суреттеді. Ақын поэзиясы айшықты тілінің ажарымен, оның асыл қазыналарын қолданудағы шеберлігімен ерекшеленеді. 1948 жылы «Өмір дастаны», 1949 жылы «Бөбек жүрегі», 1957 жылы «Сәт сапарда», 1961 жылы «Ой қанаты», 1965 жылы «От өзен», 1972 жылы «Жер қазығы», 1975 жылы «Жыр қанаты», 1976 жылы «Жылдар жыры», т.б. өлең жинақтарында әлеуметтік оқиғаны суреттеуде ақындық шеберлік танытты. Ол қырғыз эпосы «Манастың» 1-кітабын, А.С. Пушкиннің, М.Ю. Лермонтовтың, Ян Райнистің, Ф.Мақтымқұлының, А.Тоқомбаевтың бірқатар дастандарын, Л.Н. Толстойдың «Анна Каренина» романын, Н.В. Гогольдің «Нева проспектісі» повесін, А.П. Чеховтың әңгімелерін, М.С. Бубенцовтың «Ақ қайың» романын, М.Тұрсын-Заденің «Үндістан балладалары» өлең кітабын қазақ тіліне аударды. Ғали Ормановтың көптеген туындылары шетел тілдеріне тәржімаланған. Еңбек Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, Ленин ордендерімен, бірнеше төсбелгілермен марапатталған.