Жыр қанатты жерлес ақын

ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің  көрнекті қайраткері, қазақ поэзиясының қалыптасып дамуына , өсіп- өркендеуіне зор үлес қосқан ақын, жерлесіміз Ескелді ауданы, Қоңыр ауылының тумасы  Ғали Ормановтың туғанына биыл 115 жыл толып отыр.

Ақын 1907 ж.бұрынғы Талдықорған облысы,Қапал ауданы,Ешкіөлмес тауы етегінде дүниеге келген.Он жасында жетім қалған бала Ғани жыршылардан өлең-жыр, қисса- дастандар үйреніп,өзінің әдебиетке құмарлығын байқатады, жастайынан жыршы бала атанады.Балалар үйінде тәрбиеленген ол 1923-28 жылдары Алматыдағы қазақтың халық ағарту институтында оқып  жүріп қазақ орыс  әдебиеттерінің үлгілерімен танысады.1925 ж. бастап қабырға газетіне,1927-28 жылдар  аралығында өлкелік газетте өлеңдер жазады.Осы жылдары «Тілші» газетінде біраз өлеңдері басылады.Өлеңдері газет-журналдарда жиі жарияланып, белгілі ақындардың  санатына кіреді. Абай атындағы  педагогика  институтын  бітірген соң біраз жыл мұғалім болып істейді.Одан кейін «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында журналистік қызмет атқарады. 1939-1945 жылға дейін Ж.Жабаевтың әдеби хатшысы болды.Бірнеше өлеңдер жинағы,  «Шәуілдір» поэмасы басылды. 1935ж. «Көтерме» деген атпен әңгімелер мен очерктер жинағы, 1936 жылы «Абысын сыры» жинағы,Мопассаннан аударған  қысқа әңгімелер жинағы басылып шықты. 1943-44 жылдары Ғ.Орманов мәдениет пен өнер қызметкерлері тобында майданға барып қайтады.Ұлы Отан соғысы кезінде  жазған өлеңдерін 1941 ж. «Халық қаһарман», 1944 жылы «Емен» атты   өлеңдер мен поэмалар  жинағын  ұсынды.

1948жылы «Бөбек» жүрегі» атты жинағымен қатар ақынның шұрайлы өлеңдері 1950, 57, 76, 82-84 жылдары шыққан «Таңдамалы шығармалар» жинақтарына енді.

Ғ.Орманов орыс поэзиясынан Пушкиннің, Лермонтовтың, Некрасовтың шығармаларын аударды. «Алатау (Ж.Жабаевқа) , «Қаратаудың қамбары», «Алыстағы ауылда», «Бөбек тілегі», «Аталмаған тау»  атты очерктер мен әңгімелер жазып, мол мұра қалдырды.

Ғ.Ормановтың шығармаларын насихаттап,оның еңбектерін  өскелен ұрпаққа жеткізу мақсатында  Жалғызағаш ауылдық кітапханасында «Жыр қанатты жерлес ақын» атты дөңгелек үстел өткізілді. Шараға мектеп кітапханашысы Г.Сыдықова мен 6-7 сынып оқушылары қатысты. Кітапханашылар ақынның өмірі,еңбектері, ол туралы естеліктер  жайлы айтса, оқушылар  арнайы себеттерге салынып, әдемі безендірілген  ақынның өлеңдерінен үзінді оқыды.

Алма Ускенбаева, Жалғызағаш ауылдық кітапханасы