Қазақ күресінен ашық турнир (Видео)

Талдықорған қаласының ипподромында ҚР Конституциясы күніне орай 41 шақырым қашықтыққа аламан бәйге және қазақ күресінен түйе палуандар арасында ашық турнир өтті, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Қазақ күресінен өткен жарыста күшін сынауға еліміздің түкпір-түкпірінен 25 палуан жиналды. Жарыстың салтанатты ашылуына облыс әкімі Бейбіт Исабаев, тұңғыш «Қазақстан Барысы» Ұлан Рысқұлов, Қазақстан барысының үш дүркін чемпионы Бейбіт Ыстыбай қатысып, жиналған көпшілікті мерекемен құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жарыстың нәтижелеріне келер болсақ, аламан бәйгеде Алматы облысының атынан топқа түскен Тұрғанбек Абзал мінген жүйрік 50 сәйгүліктің ішінен оқ бойы оза шауып, мәре сызығын бірінші кесті. Жеңімпаз «Лада гранта» автокөлігіне ие болды.

2 орын: Қабыл Айтқабыл (БҚО);

3 орын: Жорабек Бекнұр (Жамбыл облысы);

4 орын: Әбілжан Думан (Алматы облысы);

5 орын: Серік Бекнұр (Жамбыл облысы);

6 орын: Асылбеков Әсет (Жетісу облысы);

7 орын: Жолдыбай Мәди (Алматы облысы).

Қазақ күресінен Қызылорда облысынан келген палуан Мақсат Исағабылов белдескен қарсыластарының бәрін жеңіп, 1-орынға ие болды. Жеңімпазға 2 млн. теңгенің сертификаты табысталды.

Солтүстік Қазақстан облысының атынан күрескен палуан Мұхит Тұрсынов жеңіс тұғырының екінші сатысынан көрінді. Оған 1 млн.тг-нің жүлдесі бұйырды.

3-орынға Алматы облысының атынан белдескен Еділбаев Мәди көтерілді. Жүлдегерге 500 мың теңгенің сертификаты берілді.