Сіз газет оқисыз ба?

Газетіміздің өткен сандарында «Сіз газет оқисыз ба? Газеттің жарыққа шығуына себепкер боласыз ба?» -деп біраз аудан, ауыл тұрғындарынан сауалнама алған едік. Бүгінгі айдарымызда жалғастырсақ. Бұл сұрақ халықтың жүрегін оятып, газет-жұрналға деген қызығушылықтарын арттыруға түрткі болды. Міне, сол мақаламнан біраз уақыт өтіп, хабарласқан адамдар да аз емес. Ойымды ортаға салып, өз үлесімді қоссам дегендердің саны біразға артты. Тасқа қашалып жазылған дүниенің ешқашан құны жоғалмайды деген тегінде рас. Ол біздің тарихымыздан белгілі. Егер оның құны мәңгілік болмаса, сонау Тоныкөк, Күлтегін ескерткіштеріндегі жазулар неге соншама ғасыр сақталып қалды?!

Газет пен журнал да сондай. Мәңгілік. Сарғайған парақтардағы сарғайған жазуларды кез келген сәтте тауып алуымызға мүмкіндік бар. Сонау 1870 жылы шыққан «Түркістан уәлаяты» газеті, «Дала уәлаяты» газеттері немесе революциядан кейін Алаш азаматтары шығарған «Қазақ», «Айқап» сияқты басылымдар осының дәлелі емес пе. Алаш арыстары жазып қалдырған рухани дүниелеріміздің бәрі «тасқа қашалып жазылғандай» күні бүгінге дейін  ұрпақтан ұрпаққа айтылып келеді. Бұл да газет пен журналдың құдіретінің арқасы. Кезінде Камал Смайылов, Шер¬хан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Фа¬риза Оңғарсынова, тағы басқа қа¬ламгер, журналистер еңбек жо¬лын «Лениншіл жас» газетінің әр об¬лыстағы меншікті тілшісі қыз¬ме¬тінен бастаған. Өкі¬ніш¬ке қарай, кеңес заманындағы осы бір өнеге қазір ұмытылып қалғандай. Бүгінгі жас журналистерді га¬зет арқылы шыңдау қажет. Журналист өмірде жол табу үшін адам дұрыс ой түйіп, өздігінен сапалы, дә¬лелді шешімдер қабылдай білуге үй¬рене отырып, шындықты, дә¬лел¬ді факторларды іздеуі үшін өзін-өзі дайындап, жол іздеуі қажет. Ол үшін болмысына өзі кө¬мек¬тесіп, қабілетін дамыта отырып, маңызды мақсатқа білімінің, ру¬хани күшінің арқасында жетуіне ат¬салысуын керек етеді. Өз бетінше әдеби шы¬ғармашылық бағыттағы жұ-мыс¬¬тарды саралап, белгілі тақы¬рып¬қа әңгіме, мақала жазуы тиіс. Заман ағымына ілесіп, өркениетті қоғамда ақпараттық кеңістік адам ілесе алмайтын шапшаңдықпен қарыштап дамып келеді. Бүгінде газет пен журналдың орнын көбіне ғаламтор басып отыр. Дәстүрлі газет-журналдың қызығы мен шыжығына үйренген аға буын журналист қауымы Интернет сайттардың көбеюі газет пен журналдың қоғамдағы рөлін бәсеңдетіп жібереді дегенге сенгісі келмейді. Қазір қоғамда дәстүрлі газет-журналдар өледі. Оның орнын Интернет-ресурстары басады деген пікір әркімді толғандырады. Мысалы, техникасы ең озық Жапония мен Кореяны немесе сол Еуропаны алайық. Оларда қағаз басылымдар, яғни газеттер мен журналдар өлді деп кім айта алады? Бір ғана Токиода екі мыңнан астам газет-журнал шығады екен. Компьютері дамыған сол елде, газет пен журнал құрыса, құрыр еді ғой.

Журналистер жанын салып әзірлеген газеттер аптасына бір рет жиналып бір-ақ барады. интернеттің жеделдігін құптай отырып, газет-журналдың да өзіндік артықшылығына тоқталады: интернеттен қажетті дүниеңізді табу үшін қанша уақытыңызды сарп ететініңіз тағы бар. Газет тігіндісін кез келген уақытта тауып алып, қарауға, іздеген мақалаңызды жүз жыл өтсе де, тауып алуыңызға болады. Қазақстанның тым шалғай орналасқанын, интернет желісі барлық жерде орнықпағанын ескерсек, газеттің маңызы мен мәнін таяу онжылдықтарда жоя қоймайды. Сондықтан құстың қос қанаты секілді журналистиканың екі саласы да бір-бірімен қанаттаса дами береді. Шынымен де, интернет сайттар мен қағаз басылымдардың өзіндік ерекшеліктері бар. Интернет сайттардан талдамалы-сараптамалық мақалаларды оқып отырудың өзі қиын. Осыны ескерген кейбір сайттар телеграфтық стильге көшіп, тақ-тұқ оқылатын тұшымсыз тіл қалыптастыруда. интернет-газеттің жеделдігі сонша, онда жазылған дүниелердің сапасы газеттегідей болмайтыны тағы бар.

Қазірдің өзінде байқап жүргеніміздей сөйлеу тілінде жазылады. Ой-пікірлер асығыстықтан үстірт айтылуы мүмкін. Бұл тіл мәдениетіне нұқсан келтіреді. Ал газет осы уақытқа дейін сол тіл мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, оны жетілдіріп келеді. Сондықтан интернет-газеттен гөрі қоғамда кәдуілгі газеттің орны жоғары деген орынды пікір айтады. Газет-журналдың күні бітті, интернет басылымдардың дәурені келді деген пікірлер бар. Қазақстан — әлемдегі озық елдердің қатарына кіруге талпынып отырған ел. Ал сол озық деген елдерде газет-журнал нарығы соншалықты бейшара күйде ме? Ең алға кеткен Жапония мемлекетінде күнделікті газеттер миллиондаған данамен шығып жатыр. Газеттен бас тартса, ең бірінші сол Жапония бас тартар еді ғой. Біріншіден, интернетпен толықтай, әрбір шаңырақ қамтамасыз етілген ауылдар жоқтың қасы. Екіншіден, халықтың тең жартысының компьютерді меңгеру жағы шамалы-ақ. 2001 жылы жеткен компьютерлерді экрандағы жазуын дірілдетіп әлі қолданып келе жатқан ауылдың ағартушылары — ұстаздардың өзі жаңа технологиядан бейхабар дейді Жандос Ерденұлы.

Алмат Қайнар

  -Негізі Англия, Италия, Испания сияқты алдыңғы қатарлы Еуропа елдерінде газетке деген сұраныс аз емес екен. Бұл елдерде газет-жұрналдарды таласып сатып алатын көрінеді. Қарындасым шет мемлекеттерде жиі болады. Өзінің жеке жұрналы бар. Кәсібін шыңдау үшін арнайы шет ел мамандарымен тәжірибе алмасып жүр. Жан-жақты көріп, біздің елмен салыстырады. Қазақстандық баспаларға ол да, өз үлесін қосқысы келгені ғой. Ал, енді біздің аудандық газетке келер болсақ, жұмысын тоқтатпау керек. Жалғыз түйір газеттің жарыққа шығуы міндетті. Газетті өз басым жақсы оқимын. Газеттен аларым көп. Кешкі салқынмен аулада отырып, газет-жұрналдар ақтарамын. Рухани азығымды дамытамын. Қарындасым осы бағытта жұмыс істеген соң, отбасымызбен жақынбыз. Газет –журналдардан хабарымыз болмаса, кәсіптің қырын сырынұқпас едік.

Мадина Усманова:

– Түсінемін қазақ журналисті үшін газет – киелі, қасиетті ұғым. Газетке көркемсөзді мақала дайындау, наборшыларға мәтін тергізу, «версткада» отыру, кезекші болу, ағалармен ішу, ел аралап сыйлы болу, менің ана мақаламды оқыдың ба деп айту, жаңа нөмірді қолға ұстап шолып шығу… бәрі қызық, күшті әрине. Бірақ заман талабын да мойындау керек. Газет өледі. Қазір «госзаказ» болмаса шықпас та еді. Сол «госзаказдар» арқасында қаншама адам айлық алып отыр. Ал «госзаказ» болмаса ше? Газет кімге керек? Жалпы шынымен газет қазір кімге және не үшін керек? Газет біздің балаларымыз бен болашағамыз үшін керек. Газет ол біздің кешегі тарихымыз. Тарихсыз алға басу дұрыс емес пікір. Баламызға кешегісі мен бүгінгісі түсіндірмесек, бүгінгінің жолын қалай түсіндіреміз. Кешегі мен бүгінгінің айнасы. Газет болу керек. Көзбен көріп, қолмен ұстап, ашып оқығанға не жетсін.

Саят Дастанбекұлы:

– Газет оқимын, беріліп оқымасақта айына бір рет оқитыным бар. Газетті ауылда біз  үйдің терезесін қараңғылауға қолданамыз. Тамыздық пен тамақтың бетін жабамыз. Солярка таусылғанда пешті, самаурынды немен тұтатамыз? Жо-жоқ газеттерді өлтіруге болмайды! Газет өмірге қажет.

Надина:

– Менің 70 тен асқан әжем әлі газет оқиды. Алыс жолға шыққанда, сөмкесіне әртүрлі газет-журналдар толтыртқызып алады. Ата-əжелеріміз интернетке кіріп жаңалық оқымайды, олар əлі газет-журналдардан оқиды. Əлі газеттердің өлетін уақыты келген жоқ.

Мұқаш:

– Өзім газетті ауылға барғанда ғана оқимын. Аудан, облыс жаңалықтарын білу үшін. Ал мен ауылға жылына 1 не 2 рет барам. Негізі жұмыссыздардың санын көбейткісі келмегендіктен газеттерді жаппайтын шығар.

Естай Қалақұлы:

–Оқымаймын. Уақытым жоқ отырып, жатып оқитындай. Интернетті аса қолданбаймын. Қымбатшылық заманда қолым тимейді жан-жаққа қарауға. Қолың қалт ете қалса, аш қаласың.

Марал Досанқызы:

– Менің енем Жетісу шұғыласы газетінің  бір санын жібермей оқиды. Газет кешігіп қалса звандап сұрап жатады. Өзім оқымаймын, көзім жарамайды. Енем ғаламторды да жақсы қолданады. Сіздердің газеттеріңізді жоғалтпай жинап, ауылдағы үлкен енемдерге жинап беріп отырады. Оларда әдетке айналдырған газет оқуды. Бермей қалсақ сұрайды. Себебі оларда газет –журналдардан басқа ақпарат көздері жоқ. Интернет ұстамайды, теледидар бір күн көрсе, екі күн істемей қалады.

Жарылқасын, зейнеткер тілші:

– Әрине оқимын. Оқымасам басым ауырады. Өз басым осы табан алды еңбегімді газеттен бастау алғам. Сол газеттің қиын-қыстау кезеңін бастан өткізіп, жемісін жеп зейнетке шыққанмын. Тілші ретінде жақтап отырғаным жоқ. Газет болу керек. Әр ел мен ауданның, ауылдың айнасы газет деген. Тұрғылықты мекеннің жаршысы, құлағы, тілі. Осы арқылы мәлімет алып отырамыз.қайта қәзір заман дамыған, бұрынғыдай қиыншылық жоқ. Халықтың көзі ашық, құлағы ояу. Жылына бірақ рет жазылып, жыл бойына алғанға не жетсін. Өзі де жазылғанға қымбат емес. Күн сайын төлемейсің, жылына бір реттік төлем. Қатты қиындыққа соқтырады деп айта алмаймын. Жазылуды ұйымдастыра білу керек. Сенің мына саулнамаң мен газетке жанашыр боласың ба дегенің жаныма қатты батып отыр. Сенің де сөзіңнің жаны бар шығар. Тек әр нәрсені тереңнен ойланған жөн-ау! Мен газеттің мың пайдасын тізіп бере аламын! Бірақ, оған уақыт тапшы. Тек біреуін айтайын… Мысалға ешкімге қажеті жоқ деген Аудандық газетті алайық. Оны бүгін ешкім оқымады делік… Оқымасын! Десек те, сол газеттің әр данасы еліміздегі кітапханаларға, мұрағаттарға тіркеліп жатыр. Әр күн сайын қазақтың тарихы қатталып жатыр. Әр күн сайын қазақтың тарихы жазылуда. Басқаны айтпай-ақ қояйын, мынау іргедегі қытай мен орыстың бізден мықты болуының бір себебі жазба деректерінің, жазба құжаттарының көп болуында емес пе еді? Ғаламтор бауырым келді екен деп, тарихты жазуды доғарамыз ба? Мұны интернетке-ақ жазамыз дейтін шығарсың… Оның сақталуын қамтамассыз ете аламыз ба? Блогері бар, басқасы бар, жалпы азаматтық журналистиканың жазғаны болашақта қоғамдық пікір ретінде зерттеледі. Оны жоққа шығармаймын. Бірақ, тарих негізінен мемлекеттің миссиясы тұрғысынан сараланбай ма? Газет тек тарих үшін қажет деп бір жақты ғана ойлап қалмаңыздар! Газет деген түсінген адамға заңдық күші бар құжат. Ии, жарайды, патша көңілдерің білсін! Менікі ой ғой, әншейін..

Бота Арыс:

– Негізі мына сұрақты қате қойдыңыз. Газет-журнал дегенге жылына бір рет жазыласың, жыл бойы мерзімді баспасөз келеді. Сен кешіксең де, бір жаңалық яки хабарды оқисың. Бұл бір. Екіншіден өркениеті әлдеқашан дамып кеткен АҚШ пен Еуропа елдері әлі газет пен жорналды жойған жоқ, жоймайды да. Интернет деген Қазақстан халқының бір пайызында ғана бар. Алайда, сол бір пайыздың бәрі фейсбук қарап, газеттердің сайтын оқып, жаңалыққа қарық боп жатыр деп айтуға келмейді. Сосын, газеттен тек жаңалық оқылмайды. Онда әр қилы айдар бар. Солардың есебінен газеттегі материалдар толықтырылып отырады. Ал, газет-журнал оқу мен оқымауды таңдау – әр адамның еркі. Газет қызық емес, интернеттен қарап алам, дегендердің бір нәрсені қарап, айқын екеніне көз жеткізіп білетініне шүбәм бар.

Дастан Бекасылұлы:

– Газет болу керек. Газетте сауаттылық пен саналылық бар. Қазіргі заманның блогерлерінің сауатты жау үлгісіне жол сілтер бағыт. Мен барлық блогерлерге жала жаппаймын. Бар біразы, арасында. Шаш ал десе, бас алатын.

Ержан:

– Оқымаймын да қызықпаймын.

Қадыр Нурсултанов:

– Газет өледі дегенге сене алмаймын. Газет өлсе ұлт өлді дей беріңіз. Басқа тұрмайтын нәрселерге ақша шашқанша осындай жағдайлары төмен түсіп бара жатқан, ауқымды қажет ететін заттарды неге қолдамайды. Қазақ десе өзімізге тиеді. «Газет өледі» деп өткен ғасырдан бері айтылып келе жатыр. Өлсе неге 2 ғасырдан астам (229 жыл) тарихы бар «The Times» секілді басылымдар жабылып қалмайды. Керісінше Ұлыбританияда бұл басылымның беделі жоғары. Газет атадан қалған мұра. Бұны жауып, оқымай атаңа қылған сатқындығың. Міне, осыдан біз қалай тарихымызға бас иемеіз.

Айнур Әлімжан:

– Әрине, өле қоймас… керісінше керісінше интернет басылымдар ғұмыры қысқа. Бұрынғы жаңалықтың бетін аша алмай қаласың. Ал, газет сарғайсада сақталады.

Марат:

-Оқымаймын…

Амантай Қасенұлы:

– Рас газет мұрағат үшін қажет шығар. Пайдалы жақтары көп шығар. Оған дауым жоқ. Алайда біздегі газет оқу жəне шығару дәстүрін шетелдермен салыстыра да алмаймыз. Шетелде газетің тауар ретінде де құны бар. Бізде жоқ. Мұны бір деп қойыңыз. Екіншіден қазақстандық басылымдар ға қолдау жоқ. Оған себеп, халықта ақша жоқ. Жо-жоқ қателесеміз, ұйымдастырушылық жоқ. Ұйымдастыра білсек, жазылу да болар. Жылына бір рет төлем деген не ол? Қазір дүкенге бір барсаң бес мыңың жоқ.

Қанат Жасанов:

– Жабылатын газеттер жабылып болды, қалғандары шыға береді деп ойлаймын. Газет – шежірені сақтаудың ең сенімді тәсілі. Сонымен қатар, газеттегі дүниелер салмақтырақ, газет журналистері сауатты болады. Сондықтан, газет бізге керек.

Даурен Аңдас:

– Газетті оқимын. Апталап болмаса да айына 2-3 рет оқимын. Газет керек. «Газет өледі деген адамды өлтіріп барып өледі!» Ол сондай құдыретке ие, кие! Комбайын пайда болған тұста енді орақтың қажеті болмай қалады дескен. Шағын шаруашылықта, ауылдың қорасында орақ ілініп тұр. Орақтың пайдасы болмай қалады деген сол кездегілердің сөздері бұ күнде теріске шығып отыр. Газетпен шыбынды өлтіруге болады, шенеунікті де өлтіруге қауқары бар. Газеттің түбіне жетсек, киесі атар. Халқым оянар!

Айдана Әміржанқызы, тілші:

– Тілшілік қызметтемін. Әрине оқимын. Бұл менің жан-дүниемнің иесі. Түсінбеймін кейбір азаматтарды газетте жұмыс істеп, сол жерде нанын тауып жей тұра «газетті өлтіргісі» келетін. Кейбір әріптестеріме таңғаламын. Болашағына сенбесе босқа жүр ме уақыт өткізіп сонда? Газеттен осы күнге дейін алар асуларын алдығой. Енді не интернет шықты екен деп, газетті ысыра салуымыз қажет пе? Жоқ олай болмайды. Газет тарих, ол болашақ. Біздің келбетіміз.

Сіз газет оқисыз ба?

Арай Әділ