Қазақстан тарапы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық экологиялық кеңесінің қызметін одан әрі дамыту жөнінде ұсыныстар жасады

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Т.Момышев онлайн-форматта Достастықтың жарғылық және өзге де органдары жанындағы Достастыққа қатысушы мемлекеттердің Тұрақты өкілетті өкілдері кеңесінің көшпелі отырысының жұмысына қатысып, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық экологиялық кеңесінің 2022 жылғы қызметі туралы баяндама жасады, деп хабарлайды ҚР ЭГТРМ.

Қазіргі уақытта Кеңеске Қазақстан Республикасы төрағалық етеді.

Кеңес өз қызметінде ТМД шеңберінде құрылған көпжақты ынтымақтастықтың нормативтік шарттық базасын басшылыққа алады, ол МЭК-ке қатысушы мемлекеттердің қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласындағы түрлі бағыттар бойынша өзара іс-қимылын толық көлемде қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ, МЭК-ке қатысушы мемлекеттердің ынтымақтастығы жүзеге асырылатын бірқатар тиісті жұмыс жоспарлары қолданылуда.

2022 жылғы 3 маусымда қазақстан тарапы Нұр-Сұлтан қаласында ТМД-ға қатысуы мемлекеттер өкілдерінің қатысуымен «Климаттың өзгеруі жағдайындағы гидрометеорологиялық қызметтің рөлі» атты іс-шара ұйымдастырды.

Невск халықаралық экологиялық конгресіне, «Сахаров оқулары: XXI ғасырдың экологиялық проблемалары» халықаралық ғылыми конференциясына, қол қойылған халықаралық келісімдер шеңберінде құрылған жұмыс органдарының отырыстарына қатысу тұрақты негізде қамтамасыз етіледі.

МЭК-ке қатысушы мемлекеттердің табиғат қорғау ведомстволары арасында ғана емес, қоршаған ортаны қорғау мәселелерімен айналысатын өзге елдер мен ұйымдар желісі бойынша да өзара іс-қимыл дамуда.

Қоршаған ортаны қорғау саласындағы бағдарлама шеңберінде Қазақстан Республикасы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен бірлесіп Шығыс Еуропада, Кавказда және Орталық Азияда көміртектің төмен шығарындыларын қамтамасыз ету жөніндегі жобаны іске асыруда, «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасының негізгі элементтері бойынша саяси диалогты қолдау жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ, экологиялық білім беруді және халықты тәрбиелеуді дамыту, экология мәселелерінде жариялылықты қамтамасыз ету шеңберінде экотуризм белсенді насихатталуда.

— Осыған байланысты, ТМД елдері ұлттық заңнамасының ерекшеліктерін ескере отырып, ерекше қорғалатын аумақтарды экотуризмге тарту бойынша шаралар қабылданды. Ұлттық парктер базасында экотуристік кластерлер қалыптасуда, — деп атап өтті вице-министр.

Қорытындылай келе, Т. Момышев қатысушыларды МЭК қызметін одан әрі дамыту жөніндегі ұсыныстармен таныстырды:

— ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің зиянды заттарды трансшекаралық тасымалдау саласындағы күш-жігерін шоғырландыру, қоршаған ортаның адам денсаулығына теріс әсерін азайту;

— табиғат пайдалану саласындағы экологиялық сипаттағы жаһандық проблемаларды шешу үшін халықаралық қорлар құру;

— ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтарында флора мен фаунаның биологиялық әртүрлілігін қолдау;

— тұрақты және қауіпсіз су пайдалануға қол жеткізу.

Экология саласында осындай саясатты жүргізу табиғи экожүйелерді сақтау, табиғатты ұтымды пайдалану және қоршаған ортаның жай-күйі туралы ақпаратпен алмасу үшін жағдай жасауды қамтамасыз етеді, — деп түйіндеді Т.Момышев.