Жетісу облысы: 12 мыңнан астам бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттамақ

1 қыркүйектен бастап, елімізде жаңа оқу жылы басталады. Жаңа оқу жылы 36 оқу аптасынан тұрады. Бұл туралы Жетісу облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айжан Адамбекова өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте баяндап берді.

Жетісу облысында биыл 130 мың оқушы мектепке барады. Оның 12378 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттамақ. Аймақта 340 мектеп болса, соның ішінде үш ауысымда оқытатын мектептер жоқ. 2022 жылы 12 мектеп құрылысы салынуда, оның ішінде 10 мектеп қолданысқа беріледі. Панфилов ауданы Басқұншы ауылындағы 300 орындық орта мектеп оқу жылының басында аяқталу жоспарда, қалған 9 мектеп ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады.

«2022 жылы 9 білім беру нысандарының күрделі жөндеу жұмыстарын жасау жоспарланып, оған бюджеттен 4977,7 млн.теңге қаржы бөлінді, оның ішінде: 6 мектеп, 1 балабақша, 2 колледж. Оқу жылы басталғанға дейін 4 мектепте күрделі жөндеуді аяқтамау қаупі бар. Биыл мектептердің бейнебақылау жүйесін жаңғыртуға облыстық бюджеттен 476 млн.883 мың теңге бөлініп, жасалды. 73,3 млн. теңгеге облыстың барлық мектептеріне қажетті санитарлық-дезинфекциялық заттар сатып алынды», — деп атап өтті Айжан Адамбекова.

Айта кетерлігі облыстың білім беру саласы жаңа оқу жылына толықтай әзір. Жалпыға бірдей білім беру қорынан әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан 14 мың балаға мектеп формасы мен кеңсе тауарларын алуға 500 млн. теңгедей қаржы бөлінген.

«Үкіметтің № 64 қаулысына жуырда ғана енгізілген өзгерістерге байланысты аз қамтылғандар санатындағы отбасы балаларына 37 389 теңгеден берілуі қажет. Бүгінге дейін бөлінген қаржыға өңір аудандарында мектеп формалары мен оқу құралдары сатып алынғандықтан, белгіленген соманың қалған айырмашылығы ата-аналардың жеке шоттарына аударылатын болды. Сол сияқты облыста 17 мыңнан астам оқушы бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі»,- деп атап өтті Айжан Маманқызы.

Сондай-ақ, «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында 2035 балаға 22 млн. 698 мың теңгеге көмек көрсетілген.