Кеше Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың төрағалығымен аймаққа инвестиция тарту мәселесіне байланысты Өңірлік үйлестіру кеңесінің бірінші отырысы өтті, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
— Жетісу өңірі – негізінен ауыл шаруашылығымен айналысатын аймақ. Облысқа инвестиция тарту бізге өте қажет. Сондықтан осы өңірлік үйлестіру кеңесін құрып, бүгін бірінші отырысын өткізіп отырмыз. Комиссия өз құзыреті шегінде қолайлы инвестициялық жағдай қалыптастыру мен индустриалды саясатты тиімді жүргізу жұмыстарын үйлестіріп отырады. Өңірде инвесторлардың көмегімен халықтың бірқатар әлеуметтік мәселелерін шешуге болады, — деді Б.Исабаев.
Отырыста екі жоба талқыланды. Атап айтқанда, Алакөл ауданы Достық бекеті маңында «DAR Rail INFRASTRUCTURE» жүк терминалы салынады. Бұған дейін биылғы жылдың сәуір айында облыс әкімдігі мен компания арасында меморандум жасалған еді. Компанияның бас директоры Максим Матюктің айтуынша, жобаның жалпы құны 67,4 млн. АҚШ доллары көлемінде. 225 жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. Алакөл ауданы секілді шекаралық аймақта жүк тасымалы көлемін арттыруды мақсат етіп отырған жобаның облыс үшін берері мол болмақ. Комиссия мүшелері инвесторларға бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, жергілікті тұрғындарды жұмысқа тарту, құрылыс кезінде жергілікті өнімдерді пайдалану жөнінде сұрақтарын қойды.
Облыс әкімі логистикалық парк жұмысына қажетті мамандарды жергілікті колледждермен келісе отырып дайындауға мүмкіндік бар екенін айтты. Компания басшылығы осы жағын ескеруі керек. Жалпы жобаны іске асыру 7 жылға, яғни 4 кезеңге бөлінген. Соның ішінде құрылысқа қажетті құжаттар дайындауға екі жыл мерзім белгіленген екен. Бейбіт Исабаев инвесторға осы уақытты неғұрлым қысқарту жағын да қарастыруды ұсынды.
Таныстырылған екінші жобаға келсек, Текеліде «Электромарганец» ЖШС темірді тікелей қалпына келтіретін кәсіпорын салуда. Оның қуаты жылына 20 мың тонна өнім шығаруға жетеді. Сонымен қатар зауыттың толық циклы іске асу үшін оған автокөлік цехының қосалқы инфрақұрылымын да салу қажет. Осы жобаны таныстырған серіктестік басшысы Жақсылық Жорақұлов темірді тікелей қалпына келтіретін зауыттың құрылысы қазан айында аяқталатынын айтты. Мұнда қазірдің өзінде 100-ге тарта адам жұмысқа қабылданған.
Осы ретте облыс әкімі Бейбіт Исабаев зауыт құрылтайшысымен алдыңғы кездесуде текелілік аз қамтылған бірқатар отбасының үйіне газ тарту жағынан қолдау көрсету туралы өзара әңгіме болғанын еске салды. «Инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, халыққа жұмыс беріп, жалақы төлеп, өнеркәсіп өндірісін өркендетіп отырса, біз үшін бастысы осы», — деді облыс әкімі.
Отырыста осы екі жобаны инвестициялық ретінде тану мәселесіне комиссия мүшелері бірауыздан дауыс берді.