Орталық және жергілікті мемлекеттік органдар басшыларының 2022 жылдың І жартыжылдығындағы халықпен кездесулерінің қорытындылары ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралды.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров баяндама жасап, орталық мемлекеттік органдар басшылығының азаматтармен 45 кездесу өткізгенін хабарлады. Атап айтқанда, министрлер Ақтөбе, Қарағанды және Павлодар облыстарына жиі барды.
Ақпарат алаңына жасалған мониторинг кездесулердің республикалық және өңірлік БАҚ-та, телеарналар мен әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланғанын көрсетті.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың мәлімдеуінше, бірінші жартыжылдықта барлық деңгейдегі әкімдер 594 мың адамның қатысуымен 8,5 мыңға жуық кездесу өткізді. Онда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, абаттандыру және экология, жолдарды реконструкциялау, әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін салу және т. б. мәселелер көтерілді.
Премьер-Министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша министрлер мен әкімдердің халықпен кездесулері жаңа форматқа сәйкес «жүзбе-жүз, ашық тілдесу» түрінде өткізілетінін атап өтті.
Сондай-ақ халықпен кездесулер алдында азаматтардың өтініштеріне алдын ала талдау жүргізілді, ол проблемаларды неғұрлым егжей-тегжейлі зерделеуге, әкімдік деңгейінде немесе ведомствоаралық өзара іс-қимыл арқасында оларды шешудің жолдарын қарастыруға мүмкіндік берді.
«Халықпен кездесуден соң барлық деңгейдегі әкімдер проблемалық мәселелерді жүйелейді, ал оларды қаржыландыру мүмкіндіктері мәслихат сессияларында қаралады», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, кейбір өңірлерде кездесудің жаңа форматына бейімделмей, ескі сүрлеуден шыға алмай отырғандар да бар. Алайда, бұған қарамастан, мұндай шараларға еркін кіру принципі сақталуы керек.
«Мемлекет басшысы “халық үніне құлақ асатын мемлекет” принципінің маңыздылығын атап көрсетті. Біз халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, олардың сын-пікірлерін де тыңдай білуіміз керек. Адамдарды күнделікті болып жатқан қарапайым мәселелер алаңдатады. Тек осындай кездесулердің қорытындысы бойынша ғана халықтың тарапынан 30 мыңға жуық мәселе мен ұсыныс көтерілді. Бұлардың бірде-біреуі қараусыз қалмауы тиіс. Адамдар өздері көтерген мәселелердің нақты шешімін тауып жатқанын көруі керек», — деді Премьер-Министр.
Осыған байланысты орталық және жергілікті органдар халықпен жоспарланған кездесулерді жалғастырып, қандай жұмыс атқарылды, басқа мәселелер қалай шешімін табады – соның бәрін нақты көрсету үшін әр кездесуді кеңінен жариялап отыруы керек.
Министрлер мен әкімдерге халықпен кездесулердің нәтижелілігін арттыру тапсырылды. Мұнда проблемалық мәселелердің жедел шешілуіне басымдық беріп, нысаналы топтармен тұрақты кездесулер өткізіп отыру керек.
Сонымен қатар Әлихан Смайылов республикалық және жергілікті бюджеттердің жобаларын қалыптастыру немесе нақтылау кезінде халықтың кездесулер барысында көтерген мәселелерін ескеру қажет екеніне назар аударды.
Сондай-ақ Үкімет басшысы министрлер мен әкімдердің халықпен кездесуін бағалау критерийлерін әзірлеуді тапсырды, олардың нәтижелері Үкіметте үнемі қаралып отыратын болады.
Әлихан Смайылов ауылдық жерлерде балаларды қосымша біліммен қамтуды ұлғайтуды тапсырды
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды.
Ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің хабарлауынша, Ұлттық жобаны жүзеге асырудың нәтижесінде 2-6 жастағы балаларды қамту 88,4%-ды, 3-6 жаста – 99%-ды құрады.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа моделі енгізіледі. Оқыту шығармашылық пен қозғалыс белсенділігі және ойын арқылы жүргізіледі. Ол үшін мемлекеттік стандартқа, типтік оқу жоспарларына және бағдарламаларға өзгерістер енгізілді.
Ересек балаларды қосымша біліммен қамту 70,5%-ға дейін (2,4 млн-нан астам бала) ұлғайды, 2022 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 75%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар 175 мың мүмкіндігі шектеулі бала арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен және ерте жастан түзетумен қамтылды.
Колледждерге оқуға түсуге бірқатар жаңашылдықтар енгізілді. Олар экономика қажеттілігіне тиісті мамандар даярлауға негізделген. Мамандық таңдауда 9-сынып бітіріп, оқуға түсушілерге кәсіби диагностика енгізілді, нәтижесінде талапкерлер мамандық таңдау бойынша ұсыныстар алады.
Өз кезегінде ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлттық жобаны іске асыру аясында жоғары оқу орындарының инфрақұрылымын дамыту, халықаралық аккредиттеуден өткен заманауи білім беру бағдарламаларын енгізу, шетелдік әріптестермен академиялық алмасуларды кеңейту, олардың басқарушылық дербестігін кеңейту және т.б. бойынша жұмыстар жалғасып жатқанын хабарлады.
Баяндамаларды тыңдаған Премьер–Министр Ұлттық жобаның басты міндеті – балабақшадан бастап, білім берудің барлық деңгейлерінде халықтың сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету екенін атап өтті.
«Бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2021 жылдан бері 674 балабақша ашылды. 326 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Сондай-ақ 1436 мектеп жаңғыртылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленіп жатыр. Осы жоба аясында 2025 жылға дейін жаңа құрылыс стандарттары бойынша 840 мың орын беретін мектептер салу көзделген», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы жастарды кәсіптік-техникалық біліммен қамту үшін бюджеттен мемлекеттік тапсырыс бойынша қосымша 45 мың орын бөлінгенін айтты. Еңбек нарығының сұранысына сай кадр даярлау үшін 500-ге жуық кәсіпорын колледждерді қамқорлыққа алды.
Сонымен қатар жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының 4 филиалы ашылды. Инновациялық бағыттар бойынша шетелдерден 400 оқытушы тартылды.
«Жалпы, білім беру сапасын жақсарту бойынша жүйелі шаралар іске асырылып келеді», — деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министр «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасын пысықтау бойынша барлық шараларды қабылдауды тапсырды.
«Оқу-ағарту министрлігі Мәдениет және спорт министрлігімен, өңір әкімдіктерімен бірлесіп, ауылдық жерлерде балаларды қосымша біліммен қамтуды ұлғайтсын. Өңір әкімдіктері жастардың жұмыспен қамтылуын арттыру мақсатында мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде колледждерге қабылдауды ұлғайтуды қамтамасыз етсін», – деді Премьер-Министр.
Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігіне Қаржы,Ұлттық экономика министрліктерімен бірлесіп, еліміздің өңірлік жетекші мемлекеттік университеттерінің базасында Академиялық артықшылық орталықтарын құру мәселелерін пысықтау тапсырылды.