Жеңімпаз жастарға 1 миллион!

Өз әлеуетін, өмірлік маңызды дағдылары мен көшбасшылық қасиеттерін дамытуға, бастамашыл жобаларын іске асыруға мүдделі жастар үшін құрылған «Zhas project» жобасын іске асыру қолға алынды.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы бірлесіп жүзеге асырған жоба жастардың кәсіп ашып, жекелей, әлеуметтік жобаларын іске асыруына мүмкіндік бермек.

18 бен 28 жас аралығындағы азаматтар мен осал санаттағы жастар, жұмыссыздар, аз қамтылған отбасынан тұратын, жетім және мүгедек жандар, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар, көпбалалы отбасы, «Алтын алқа», және «Күміс алқа» иегерлеріне аталған жобаға қатысуға мол мүмкіндік бар. Көрсетілген санатқа жататын жандар шілде айының 26-ы мен тамыздың 10-ы аралығында «Zhas project» жобасының әлеуметтік желідегі парақшасына өтінім қалдыра алады.

Алғашқы кезеңде өздерінің жобаларын ұсынып, өтінім қалдырса, келесі кезеңде арнайы құрылған комиссияның зерделеуімен грант иесі атануына болады. Бұл жайлы «Тамшыбұлақ» қоғамдық бірестігінің жетекшісі Жанат Төлемісова егжей-тегжейлі баяндады.

Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Рустам Али өз сөзінде бұл жобаның жастардың бойындағы дарыны мен мүмкіндіктерін жүзеге асыруына үлкен қолдау болатындығын атап өтті.

Өз өтінімдерін ұсынған және нәтижеге қол жеткізе алған жастарға 1 миллион теңге грант берілмек.

Баспасөз қызметі