Алғыс арқалаған жан!

Әр жаратылған тіршілік иесінің ең керемет көрінісі-жақсылық жасау. Ол адам сырт көзге сыпайы,мейрімді әрі өте керемет болып көрінеді. Онысы рас. Сырты бүтін, іші жұлма — жұл. Қызық, өмір сүрудің өзі қызық. Біреулер құмарлықпен, мастықпен өмірдің өлшеулі ғана уақытын қызықты әрі пайдасыз өткізуде, енді біреулер уақытын жеткізе алмауда. Біз бұл тараптың адамдары болмаумыз керек. Өз ойымды ашық айтайын күнделікті тіршілікте,қоғамда,адамдар арасында жақсылық жасауға тырысамын. Жақсылық жасауға адамдарды шақырамын.

Осы тұрғыда ойыма бір оқиға келіп тұр: Міне, қызық. Айтсаң сөз, сүйектен өтсе дау болады. Мен қызмет атқарған бір мекемеде мен секілді жұмышшы болады, басында бәрі жақсы. Атқарған жұмысы да өзі де. Сөзі түзу, сөзі түзу болған соң ойы түзу екен дедік. Болмады. Әрбір атқарған ісі мен жасаған жақсылығы санаулы екен… әр жасаған сауапты ісінің қайтарымын сұрады. Қолдан келгенше қайтардық. Содан жыл өте, бір кісі жұмысқа келеді. Жасы келген, самайы ағарған. Қызым алғыс айтайын деп едім дейді. Бұл өмірде алғыс айтар жандар бар екен деп, таңырқап қарадым да әңгімесін тыңдадым. Көкірегі қалың елім қазағым, ата -жұртым деп тұр. Құдай берген дене мүшем сау болса, қолдан келген көмегімді аямаймын дейді кейіпкерім. Көзі нұрланып, жүзі жадыраған апам Ескелді ауданы зағиптар қоғамының өкілі — Айман Дәулетханқызы. Айман Дәулетханқызы өзі жүріп өткен сара жолында қаншама адам көрді. Ел мен жерді көрді. Жүрген жолы ерекше дараланып, тағы қандай жақсылық жасасам деген оймен жүреді. Өзі жақсылық жасап жүріп, жақсының жақсылығын айтып жүреді. Бүгінгі айтар жақсылығы Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылының наиб имамы Бақытбек Ертай. Бұл кісінің жақсылығын ерекше айтып өтінген соң, алғыспен қана тоқталмайық деп біз сұхбатқа тарттық.

– Ертай аға, сіздің имамдыққа келуіңіздің басты себебі неде?

– Әуелі Алла сосын, Жан қалауым. Имамдылық қызмет үлкен жауапкершілікті, білімді қажет ететін біле тура осы жолға түстім.  Жалпы осы қызметке келгеннен кейін жан-жақты, парасатты, төзімді бола білу керек. Ең бастысы, имам болғаннан кейін адамның бойындағы бүгінгі таңдағы керек нəрсе қоғаммен етене араласып жұмыс жасауың шарт. Яғни қоғамның барлық ішкі жағдайларының басы қасында имам жүріп, қызмет жасауы тиіс. Əрине, бұл қызметті ешкім имам боламын деп арнайы ілім алмайды ғой, дінде ілімді Алла тағала ақ пен қараны ажырату үшін, құран аяттарын, пайғамбар өсиеттерін бойға сіңіру үшін, бұл дүниеміздің, ахиретіміздің бақыты үшін алады. Алла Тағала діни ілімді алуда осы имамдық қызметті нəсіп етті. 

Мен осы қызметті 11 жыл атқарып жүрмін. Халыққа керемет бір пайдам тимесе де, зияным тимесін. Əрине біздерден де мықты, біздерден де білімді, қоғамда басқара алатын асыл адамдар көп. Бірақ Алла тағала соның ішінде өзінің қалағанын таңдап қояды дейді ғой. Бізді осы қызметке таңдағаннан кейін барынша халыққа, елге зиянымыз тимесін, халыққа зиянымыз тимегесін бір имамға, бір дін қызметкеріне айтылған «ондай екен, сондай екен» деген сөздерінің біздің қаншама жасап жатқан тірлігімізге зияны тиеді. Өйткені, біздің қоғамымызды қазіргі таңда білесіздер, əртүрлі сындар болып жатады. Дінге қатысты, имамдарымызға қатысты. Дін қызметкері менің ойымша, халықтың, елдің дінге деген көзқарасын оң қалыптастырып, халық имамдарымызды көргенде дініміздің көрінісін көргенде «дін деген осы екен ғой» деген сияқты күйде болуы керек. Сол үшін мен ойлаймын, менің бағытым да, ұстанымым да сол, барынша осы дінде шамамыз келгенше халықтың игілігіне жұмыс жасап, əрі бүгінгі қоғамда осы дінімізге ешқандай күйе жұқтырмау. Қазіргі уақытта сəлəфиттік көзқарастар, басқа да түрлі көзқарастар дінге сын болып жатқан уақытта дініміз халқымыз осы уақытқа дейін қалай құрметтеген болса, имам молдаларымыз қалай сыйлаған болса, дініміздің түзу екеніне көз жеткіздіру үшін қызмет атқарып жатырмыз.

– Адамның бір нəрсеге көңіл бөлуі үшін қандай да бір себеп болады, немесе бір адамның сөзі болмаса өзі себеп болып жатады. Сіздің имамдық жолға түрткі болған себепкер бар шығар?

–  2000-шы жылы Әкем өмірден озады. Мен небәрі 16- ақ жастамын. Ауыл имамдарынан жасырын дәріс аламын. Құран кәрімге деген ықпалдылығым тығылып жүріп оқығаннан да күшейе түсті. Күннен күнге білімімді жетілдіре түстім. Жаттадым, түсініп оқып, тереңіне үңілдім. Діннің, исламның ілімі білесіздер, өте терең. Оны қаншалықты оқыған сайын адам одан соншалықты ләззат алады. Өзіне керемет қор дүние жинайды.  Бүгінде оқыған азаматтарға халық мұқтаж.

– Бүгінгі күні ауданда қанша мешіт бар?

– Ескелді ауданы бойынша 17, Қарабұлақ ауылында 1.

-Сізге деген халықтың құрметі ерекше. Сіздің ойыңыз?

-Халқымның маған деген жақсы ниеттеріне Аллаға сансыз шүкір. Соған лайықты болуыма күнделікті дұғадамын. Анам мен әкем жастайымнан бойыма адамгершілік қасиеттер мен адалдық суын тамызып өсірді. Бойыма жақсының барлық қасиеттерін дарытты. Елдің ала жібі мен кесапатын аттамауға үйретті. Демек, осы қағидаларды бойыма жақсы сіңірдім деп ойлаймын. Ана көрген тон пішер, әке көрген оқ жанар деген де осы болар.

— Ертай аға бүгінгі өскелең ұрпақтың жат ағымдардың жетегіне еруінің басты себебі не деп ойлайсыз?

— Қасиетті Құран Кәрімнің алғашқы аятында Аллаһ Тағала «Оқы!» деген. Адамға өмір бойы білім алу парыз етілген. Адамдардың теріс жолға түсіп, адасуының бірден-бір себебі – сауатсыздық., надандық. Діни білімнің жоқтығы. Білімді медресе-мешіттерден, діни білімі бар имамдардан алу керек. Өзі адасып жүріп, басқаларды да адастыратындар бар. Адасқандардың қатарына ілінбей, жан -жаққа жақсы көзқараспен қарау қажет. Адастырушылардың қайда, кімнің алдынан оқығаны да белгісіз. Өзінікі дұрыс па, бұрыс па, ол жағын ойламай, білгенін өзгелерге үйретеді. Бұл да надандық.

— Жастар көбіне қандай бағыттардың құрбанына айналады?

— Түрлі діни ағымдардың өкілдері әлеуметтік желілерде ұтымды пайдаланады. Олардың қатарында тәкбіршілік, хизбутшылық, құраншылдық, уахабшылдық, салафизм сияқты неше түрлі бағыттар бар. Олардан өте сақ болып, барынша бойды аулақ салу керек. Ондай ағымдарға белгісіз «ұстаздарды» тыңдаушылар түсіп кетеді.

— Жастарды арандатып, экстремизмді насихаттайтындарды анықтау мақсатында Қазақстан мешіттері тарапынан қандай жұмыс жүргізіледі?

— Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бірнеше жұмыс бағыты бар. Қайырымдылық, сауат ашу және теріс ағымдармен күрес. Бұл орайда басқарма жанынан арнайы республикалық ақпараттық-насихаттық тобы бар. Оның құрамына оқыған белгілі ғалымдарымыз кіреді, Қазақстанның түрлі облыстарына барып та жұмыс істейді. Сонымен қатар, өңірлерде де осындай ұйымдар бар. Насихат топтары жүйелі түрде жұмыс істейді. Мәселен, экстремизм, терроризм үшін түзету мекемелерінде жазасын өтеп жүрген сотталушылармен жұмыс істейді. Жат ағымдардың жетегінде жүріп, мешітке келетіндер де баршылық. Олармен де кездесулер ұйымдастырылып, әңгіме жүргізіледі.

— Қазіргі ата-аналар баласы дінге бет бұрып, намаз оқи бастаса үрке қарайды. Осындай жағдайда оларға қандай кеңес берер едіңіз?

— Бала – ата-анаға аманат. Оған барынша жақсы тәрбие беруі – парыз. Ұрпағымызды өз дініне, салтына, әдет-ғұрпына бейімдеп үйрететін болсақ, олар адаспайды. Ата-ана өзі бірінші мешітке келіп, газет-журнал, кітаптарды оқуы керек. Баласын имам, ұстаздармен таныстырып, дұрыс жол сілтейтін болса, жастар адаспайды. Бір отбасынан шыққан ағайындар арасында бірін-бірі кәпір санап, жік-жікке бөліну белең алып барады. Ол да білімсіздіктің кесірі. Қазір қаншама адам намаз оқып, ораза ұстап, садақа беріп, мұсылманшылыққа бет бұрып жатыр. Дінге қызығушылық бар. Барлық мешітте сауат ашу курстары жұмыс істейді. Ата-ана баланы жастайынан үйрету керек. Өздігінен білім алушылар үшін жат ағымдардың жетегінде кетіп қалу қаупі жоғары. Үйден дұрыс бағыт берсек, бала қайдан бұзылар. Бағдаршамның жану бағыты дұрыс болса, артынан ергенде оң бағытпен жанады. Қайырымдылыққа, табандылыққа, еңбекқорлыққа туылғаннан, әсте іште жан біткен кезден ақ балаға құю керек. Бала бауыр етің. Сол еттің бауырдан теппей, дара, сана жолмен жүруге біз бағыт беру басты борышымыз.

-Бала тәрбиесі қоғам мәртебесі. Сіз бұған не дейсіз?

-Қоғаммен бала тәрбиесі егіз ұғым. Жоғарыда айтып өткенімдей бала біздің әлем. Біз оларға айнамыз. Бізге қарап олар бой түзейді. Баланы мейірімділікпен қайырымдылыққа үйретуіміз қажет. Садақа беруге дәріптеуіміз керек. Садақа, зекет, жағдайы жоқ жандарға қол ұшын созуға жастайынан бойына сіндірсек нұр үстіне нұр болар еді. Қоғам болып бала тәрбиесімен атсалысуымыз қажет. Қоғамның әрбір мүшесі біздерміз.

— Шет елдерде діни білім алу қаншалықты қауіпті?

— Өзге мемлекетке барып діни білім алу үшін жастар дәстүрлі дінімізді білуі шарт. Алдымен, төрт мәзхабты айыра білуі керек. Теріс ағымдардың көбі мәзхабты мойындамайды. Елімізде діни білім беретін университет, колледж, медреселер бар. Арнайы оқу орындарын аяқтап, діни басқарманың рұқсатымен ғана шет елге шыққан абзал.

— Бүгінде негізгі ақпарат көзі – интернет. Өкініштісі, әлеуметтік желіге әркім ойына келгенін салады. Жалған мәліметтердің жолында адасып кетпеу үшін не істеу керек?

— Мүфтияттың, мешіттердің ресми сайты бар. Олар күнделікті толықтырылып, жаңартылады. Жастар арасында танымал адамдардың, әншілердің уағызын ғана тыңдайтындар бар. Олардан ғалымдар туралы сұраса, бейхабар болып шағады. Ең дұрысы, елімізге белгілі ғалымдардың ғана уағызын тыңдап, ресми ақпарат көзінен ғана мәлімет алу керек.

– Шаш бояуға көзқарасыңыз қандай? Қазіргі жастардың арасында өздерін түрлі шет ел топтарына еліктеп, шаштарын түрлі түске бояп тастайды. Бұған не дейсіз?

– Қоғамда имандылық болмаса бұндай дерттің талайы дендеп алады. Қазір көшеде кетіп бара жатсаңыз адамдар неліктен қатыгез болып бара жатқанын байқайсыз. Ешкім ешкімді аямайды. Көше мəдениеті, жанашырлық, осы ел маған қанша ақша береді екен, маған жұмыс береді ме екен деп емес, мен еліме не береді екем деген сияқты көзқарас жоқ. Мұның барлығы қарап отырсақ, адам баласының ашкөздік, имансыздықтан туатын нəрсе.

– Өзіңіздің ұстанған бір ұстанымыңызды айтсаңыз. Біреуге көп жақсылық жасамасам да зияным тимесін деген ол сіздің бір ұстанымыңыз деп білеміз…

– Қызмет саласында да , өмір сүру жолындағы өмірлік ұстанымым да жақсылық жасау. Ал қызмет бабында ең бастысы кез-келген имамдарға мен талап етуден бұрын, талап етуге лайықты болуың. Сол талап еткен тірліктің аясында өзі соның жанашыры екенін көрсетуі керек. Мешітке жаны ашып, өзің басы қасында болып кəдімгі сол тірліктің ішінде жүрсең, оны ертең біреуге айтқан кезде де əсері болады. Мен осы нəрсені көбіне ұстанамын. Осы орында отырғаннан кейін лауазымдық қызметті пайдаланып, қызметкерлерге жеке басымдағы шаруаларды араластырмаймын. Жұмыс бабында кез-келген мəселені қызметкер жасына, басқа қызметіне маған жақындығына жұмыс барысында көңіл бөлмеймін. Кез-келген азаматқа жұмыс үлкен міндет болғаннан кейін, оған тапсырылғаннан кейін одан талап етуге барымды саламын. Сондықтан Аллаға шүкір бүгінгі таңда барлық қызметкерлерге дауыс көтермеймін. Ақырын түсіндіремін, егер ол қолынан келмесе басқа нəрсеге жұмсаймын. Оған сіз қанша айғайлап ұрысқанмен қолынан келмесе, бəрібір қолынан келмейді. Əркімге өзінің қолынан келетін жұмысын беруге мен барымды саламын. Соған бағыттаймын. Кімнің қолынан не жұмыс келеді соған оны тəрбиелеймін. Ол сол саланың маманы болып шығуы керек қой.

– Қорытындылай келе біздің оқырмандарға айтар кеңесіңіз. Бір жақсы ұсыныстарыңызды айтсаңыз.

– Әркім өз алдына дұрыс өмір сүрсе. Ешкімге, ешқайда еліктемей, жанына тек жақсыны ғана түйіп, жаманнан аулақ болса деген үміт. Жат елден еліктеп ешнәрсе ұтпаймыз, осыны ұқса. Әрбір Қазақстан азаматы құлағанға демеу, сүрінгенге арқа болсақ, бұл өмірде жамандық жасайтын адам саны азаяр еді. Садақа берсек, жылағанның жасын сүртсек нұр үстіне нұр болар еді.

Алғыс арқалаған Ертай Бақытбекұлынан біраз нәрселерге шолу жасап, бұдан да өзекті сұрақтарға жауап алдым. Білмеген нәрсемді үйреніп, жадыма түйдім. Жаны жақсылыққа толы жаннан сұхбаттасу мен үшін үлкен ойыма өзгерістер әкелді. Бойынан халқыма, еліме титтей болсын жақсылығым деп өмір сүріп жүрген жақсы жанға Алланың нұры жаусын. Осындай аттай жақсылық жасар жандарымыз көп болса, қоғам өзгермей тұрмас. Елге зиянымды емес, жарарымды бергім келеді дейтін жас ұрпағымыз көп болғай. Біз – өзіндік ділі, тамыры терең құндылықтары, сүйенер, қуат алар бай рухани мұрасы бар халықпыз. Бабаларымыздың қастер тұтып, атадан балаға аманаттап, жүрекке дарытып келген асыл қасиеттеріміз көп. Мал-мүлкінен, дәулетінен иманын жоғары бағалаған қазақ «Ер жігіттің үш байлығы бар: бірінші – иманы, екінші – ырысының тұрағы, үшінші – дәулетінің тұрағы» деп аталы сөз қалдырған.

Арай Әділ