Салт-дәстүр асыл қазынам!

Салт-дәстүр, әдет-ғұрып халықтың рухани өзегі, тілінің тірегі, мәдениеттің арқауы. Адамның жарық дүниеге келген күнінен бастап, оның есейіп, қартайып, о дүниеге аттанып кеткенге дейінгі өмірімен біте қайнап жатқан жөн-жоралғыларымыз бен ырым-тыйымдарымыз қазақтың ұлттық салт-дәстүріне келіп тоғысады.
ХІХ ғасырда қазақтың салт-дәстүрін зерттеген Семенов Тянь-Шанский «Бұларды оқытудың қажеті жоқ. Салт-дәстүрлері түгел тұнып тұрған білім!» деп бекер айтпаған. Сондықтан келер ұрпақ өзінің салт-дәстүрін толық меңгерсе, оның ұлт ретіндегі болашағы жарқын. Осындай идеологияны жүзеге асыруды басшылыққа алып, бүгінгі жас ұрпаққа ұстаздық шеберлікпен санаға біртіндеп сіңіру арқылы «Қазақ аналары – дәстүрге жол» жобасының атқарар рөлі зор. Ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келе жатқан ата дәстүрінің желісін үзбей халқымыздың асыл мұрасы ретінде бағалап, оларды көздің қарашығындай сақтап, ілгері дамытып отыру және де болашақ ұрпаққа жеткізу, көрсетуді мақсат тұтты. Қазақ халқының салт-дәстүрлері: бала тәрбиесіне байланысты салт- дәстүрлер, тұрмыс-салт дәстүрлері, әлеуметтік-мәдени салт-дәстүрлер болып үш үлкен топқа бөлінеді. Соның ішінде бала тәрбиесіне байланысты әдет-ғұрыптарға баланың дүниеге келгеннен бастап жүргізілетін шілдехана, бесікке салу, қырқынан шығару, тұсау кесуден бастап қыз бала мен ұл баланы келешек отбасы – жанұя құруға, шаруашылыққа, өмірге, еңбекке бейімдеуге арналған жөн-жоралғылар кіреді.
Ал тұрмыс-салт дәстүрлеріне қазақтың киіз үйі, киіз үйдің жиһаздары, ұлттық киімдер мен тағамдар, мал бағу, егіншілік кәсіптерге үйретудің тәлімгерлік түрлері енеді. Сондай-ақ әлеуметтік-мәдени салт-дәстүрлерге: ауыл адамдарының туыстық қарым-қатынастары, ұлттық музыка аспаптары, қонақ күту, тағы басқа рәсімдері жатады.
Осындай дәстүрлеріміздің ішіндегі тұрмыс-салт дәстүрлеріне жататыны қазақтың киіз үйі. Оның құрылымдық ерекшелігіне назар аударсақ, жинақылығы мен ыңғайлылығы өз алдына, сәулеттік шешімі мен сырт пішімі ерекше сұлулығымен дараланып тұрады. Тек қана сәулет өнерінің озық үлгісі емес, сонымен қатар астрономия, математика, физика, экономика, дін, этнография, т.б. өмірлік тәжірибесіндегі адамзат білімінің айқын көрсеткіші, қазақ ұлтының білім биігі. Небары сүт пісірімдей уақытта бір түйеге жүк болып жинала қалатынына таң қаласың. Қазақтың баспанасы болған киіз үйдің бөлшектеріне шаңырақ, уық, кереге, босаға, ал жиһаздарына сандық, сырмақ, ши, құрақ, сонымен бірге ыдыс-аяқтарына келі мен келісап, қол диірмені жатады. Киіз үйдің бөлшектерінің ішінде шаңырақ пен босаға ерекше қастерленеді. Оның тарихы әріден басталады. Біздің заманымыздың VІІ ғасырларда кеңінен пайдаланыла бастаған.
Сонымен қатар ұлттық қолөнеріміздің ішіндегі сырмақ тігу, ши мен кесте тоқу, жүн сабау және түту, ұршық иіру, құрақ құрау және келі мен келісаптың, қол диірменінің өзіндік тарихы баяндалып, қолданылуын, қалай жұмыс жасайтындығынан шеберлік сағаттары өтті. Мысалы қазақтың ұлттық ыдыс-аяқтары өте көп. Оның ішінде келі мен келісапты тары, бидай, жүгері сынды дәнді дақылдарды түйіп, жарма дайындау жолы көрсетілсе, біздің заманға дейінгі қол диірмені арқылы бидайдан ұн тартып шығарудың, нанның оңай жолмен келмейтіндігін сездіргендей. Ал құрақ – өнердің қайнар көзі дейді халқымыз. Қазақ халқының осынау қарапайым да қайталанбас, қиыннан қиыстырып құрақ қию және одан бағалы бұйым жасауы ертеден келе жатқан қолөнер түрі. Құрақтың екі жүзден астам түрі бар. Бұл өнерді меңгеруде оңай іс емес. Адамның шыдамдылығын, табандылығын, жарасымдылығын талап ететін киелі мұрамыз бүгінде өз мәнін жойған жоқ. Жүн түту болсын, ұршық иіру болсын, ши тоқу болсын әр қолөнердің ерекшеліктері бар. Қай қайсысы да шеберлікті, ептілікті, ұқыптылықты талап етеді. Қолынан өнері тамған шеберлердің осындай шеберлік сағаттары қазіргі жетіліп келе жатқан қыздарымызға керек-ақ.
Бала тәрбиесіне байланысты салт-дәстүрлердің ішінде бесікке салу, құрсақ шашу, бата беру дәстүрлерінен кең көлемде көрініс көрсетілді. Зер салар болсақ, дәстүрдің көбісі бала тәрбиелеуге қатысты болып келеді. Сол үшін баланы ана құрсағында жатқаннан бастап күтімге алып қастерлейді, баланың дүниеге аман-есен келуін армандайды. Нәресте дүниеге келгеннен кейін шілдехана, бесікке салу рәсімдері жүреді. Қазақ халқы бесікке аса мән берген. Бесікке жатқан баланың таза, түзу, жылы жататындығы ескеріледі. Ұйқысы тыныш сәби дені сау ұрпақ болмақ. Ананың баласына айтқан әлдиінің өзі тұнып тұрған тәрбие.
Батаны халқымыз киелі тілеу деп бағалайды. Қазақтың ақ батасы ұрпақтарын адамгершілікке, имандылыққа, ақыл мен парасаттылыққа баулыған. Қазақ халқында дастарқаннан батасыз тұрмаған. Рухани қазынасы болып табылатын бата-тілек халықтың тұтастық пен бірлігін, салт-дәстүрін, адамгершілік қасиеттерін сақтауда ерекше қызмет атқарады. «Ботаның құны бір-ақ жұт, бата – балаға мәңгі құт» деп бекер айтылмаса керек. Сондықтан да тек жақсылық пен бақытқа жол ашатынын ескеріп жүргеніміз абзал. Үлкеннің батасы – берекенің жарасымды жалғасы. Ақ бата әрбір жанның көгеріп, өркендеуіне септігін тигізері хақ.
Әлеуметтік-мәдени салт-дәстүрлерге жататын қонақ күтудің де өзіндік жолы бар. Қазақ қашанда ақкөңілділігімен, мәрттігімен, қонақжайлығымен қазақ. Дастарқаннан үлкен, дәмнен үлкен нәрсе жоқ. Соның ішінде ет тағамдары ең басты орынды иеленеді. «Қонақ келсе құт» – деп, қазан-қазан ет асылып, сыйлы қонаққа табақ тартудың да жолын білген дұрыс. Ондай табақтарды жасауға халықтың әдет-ғұрпын, салт-санасын жақсы білетін көрегенді адамдар шақырылған. Асылған етті бас табақ, сый табақ, орта табақ және аяқ табақ деп негізінде төртке бөлінетіндігі де бар. Бұл жерде бас табаққа бас, жамбас салынуы шарт, ал орта табаққа асық жілік, кейде жамбас сияқты мүшелері салынып, оның ар жағында күйеу табақ, құдағи табағы, қыздардың табағы сынды табақтардың да тартылу жолының мәні орасан.
«Жиған тергеніңді тойда шаш» деп бабамыз айтып кеткендей, халқымыздың көптеген дәстүрлері тойға байланысты екен. Азды-кемді атап өткенімізбен ұмытылып бара жатқандары да баршылық. Оқып шығып ұнағанын таңдаңыз.

Дәмету

«Дәметкен сары майдан кеудең құрсын» (халық өлеңі). Дәметудің әр түрі бар. Ал ырымда жас келіншектердің дәметуінің жөні бөлек. Жас балалар мен келіндер ата-енесі қонақтан келсе, олардан тәтті дәмететтін әдеті бар. Әсіресе, балалы жас келіндер дәметсе оның меселін қайтаруға болмайды. Өйткені, дәметіп отырып ойындағысы болмаса оның емшегі ісіп кетеді. Бұл өмір шындығы. Ал үлкен кісілер, аналар, әжелер жас келіншегі бар үйге дәметіп қалар деп қашанда қалтасына дәм тұзын сала жүреді. Бұл әркім ескере жүретін ескіден келе жатқан ырым.

Күйеуаяқ

Күйеуаяқ (ғұрып). Жігіт қалыңдығын алғаннан кейін әдеп бойынша енесін қошаметпен өз үйіне апарып салады. Ата енесі күйеу баласына ірі мал атайды. Мұны «күйеуаяқ» дейді.

Түйемұрындық

Түйемұрындық (ғұрып). Ұзатылып жатқан келіншек көшінің жолында отырған ауылдың адамдары (жастары, әйелдері) керуен атының ноқтасынан, не түйесінің бұйдасынан ұстап тұрып сұрайтын кәдесі. Қыз анасы оларға кәдесін жасайды, кәде алған риза болып, бақыт тілеп батасын беріп, жол болсын айтады.

Қыз қашар

«Қыз қашар» (дәстүр). «Былайша қыз қашар дәстүрін өткізетін үйді «болыс үй» дейтін көрінеді». (Х.Арғынбаев). Күйеудің келуін «ұрын келу» десе, қыздың атастырылған күйеуін көруі «қыз қашар» дейді. Бұл «ұрын тойы» өтетін күні болады. «Ұрын той» жастар үшін көңілді, думанды тойлардың бірі. Бұған жас жеңгелер мен жастар қатынасады. Күйеуден алынатын «қол ұстатар», «шаш сипатар», «қыз құшақтар», «арқа жатар», «көрпе қимылдатар» тағы сол сияқты кәделер осы жолы беріледі. Екі жастың бірін бірі көріп, тілдесуі де осы тойда болады. Екеуі де бірін бірі ұнатып, қалыңдық жігітке қыз белгісі орамалын және оның іні қарындастарына да түрлі сыйлықтар береді. Күйеу ұрын барғаннан кейін құдалық бұзылатын болса қазақ заңында өте ауыр іс. Үлкен дауға кетеді. Күйеу себепсіз бас тартса бұрынғы берілген мал қайтарылмайды және айып салынады. Батаны қыз жағы бұзатын болса қалың мал толық қайтарылады әрі айып төлейді.

Балдыз қалың

Кейде қалыңдық қайтыс болатын жайлар кездеседі. Мұндайда қалың малын төлеген болса, онда сол үйдің екінші қызын алуға құқы бар. Егер ер жігіт қалыңдығына ұрын барып, ол үйдің басқа қызы болмаса төлеген малдың жартысы қайтарылады. Егер бұрынғы қалыңдығына ұрын барған күйеу енді балдызын алатын болса, онда бұрынғының үстіне «балдыз қалың» төлеуге тиіс. Оған түйе бастатқан бір тоғыз қосылады. Күйеу бұрынғы қалыңдығына ұрын келмеген болса «балдыз қалың» төленбейді.

Қапқа салар

Қалыңдығын алуға келген күйеу барлық жол-жоралғысымен, яғни, құдалық кәдесімен, үлкендерге арналған сый-сияпатымен, той малымен келеді. Той басталды. Қыз өз үйінен аттанар алдында оның әкесі барлық құдаға киіт кигізеді. Күйеу баласына да сыйлық береді. Бірақ ол киіт емес «қапқа салар» деп аталады. Ол бағалы киім, қымбат ер тоқым, жігіт жарақтары немесе мал болуы мүмкін. Әрине, бұл қайын атаның дәулеті мен мырзалығына, абырой беделіне сай жасалатын жолды дәстүр.

Атбайлар

Атбайлар (салт). Мұның да екі түрі бар. Жас отаудың шаңырағы көтерілген соң ағайын туыстар оған шашу шашып, «керегесі кең болсын», «босағасы берік болсын» деген тілек айтады. Байғазы береді. Ет жақыны босағаға жылқы байлайды. Мұның аты «атбайлар». «Атбайлардың» екінші түрі – кәде. Құда-құдағи келгенде немесе күйеу қалыңдығын алуға келгенде олардың жеңгелері алдынан шығып түсіріп алып, атын байлайды. Бұл «атбайлар» деп аталатын той салты. Оған арнайы кәде беріледі. Ол кәдеден тағы бір әйел тәбәрік сұрайды.

Есік ашар

Есік ашар (дәстүр). Күйеу жігіт келіншегін алып, үйлену тойы өткен соң келісілген уақытта өзі қатарлас жас жігіттермен ата-енесінің үйіне келеді. Мұны халық әдебиетінде күйеудің алғаш, яғни, есік аша келуі дейді. Демек бұл жауапкершілігі мол, бұрын ел-жұрт көрмеген күйеуді сынайтын келіс. Күйеу бұл жолы да кәде жорасымен, әдет-салтымен келеді. Әзілқой жеңгелердің сын-мініне де шыдайды. Ретін тауып жауап та бере алады. Ойын-тойсыз, әзіл-қалжыңсыз отырмайтын қазақ ауылы үшін күйеудің есік аша келуі де көңілді мерекеден кем болмайды. Мұнда да үлкен кіші бір жасап қалады.

Жігіт түйе

«Жігіт түйе» (дәстүр). Құдалық, отау көтеру дәстүрінде қыз өсірген ата-ана еңбегі де елеусіз қалмаған. Той үстінде күйеу жігіт енесіне «сүт ақы» сыйын ұсынса, атасына «жігіт түйе» деген сый әкеледі. Бұған міндетті түрде түйе («жігіт түйе» деген сөз осыдан шыққан), жағалы киім немесе қымбат бұйымдар, ер тұрман әкеледі. Атасы риза болған жағдайда қол жайып, батасын береді.

Өлі тірі

«Өлі тірі» (дәстүр). Екі жақ келісімі нығайған соң күйеу жағынан құдаларына бір білікті адамды бас етіп «өлі тірі», яғни, кәделі мал, жылқы жіберіледі. «Өлі тірі» деген өлі мен тірі арасында адалмыз, құдай қосқан құдалығымыз ақиқат» деген ұлттық ұлағатты ұғымды білдіреді. Бұл үлкен кәделі әрі маңызды жол-жоралғы, құдалық бекіді деген сөз. «Өлі тірі өткен соң, өлген күйеу жатпайды» деп бұдан кейін күйеу қалыңдығына «ұрын» баруына жол ашылады.

Жарысқазан

Жарысқазан (ырым). Әйелдер босанар сәтте басқа әйелдер қазанға жеңіл желпі тамақ істеп оны босанатын әйелден бұрын пісірмек болып «жарысады». Халық ұғымы бойынша туатын бала «жарысқазанға» қатысып, одан бұрын өмірге келуге тырысады деп түсінген. Турасында көнеден қалған дәстүр ерекше өзгеріске ұшырамастан естен шықпауы тиіс. Қайта заман ағымына сай жаңадан қосылады.

ЖШ ақпарат